Еліміздің тәуелсіздік алуы — халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашты, бүкіл қоғамдық өмірімізге жаңа леп, серпін ала келді. Ол — баршамыз бейбіт өмірде, еркіндікті аңсаған ақ ниет, ақ тілеумен өзіміз тіккен ортақ шаңырағымыздың тәуелсіздігі. Ал енді біздің халқымыздың сан ғасырлар күресіп армандап жеткен Тәуелсіздік жылдарында аянбай еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосқан алдыңғы толқын ағаларымыз бен аналарымыз жетерлік. Солардың бірі – ауданымыздың тумасы, қазақтың тұма жырлы Тұманбай ақыны «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей, Суықсай ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылының арда азаматы, өзі еңбек жолымен туған жерінен алыста жүрсе де «Туын туған жеріне тігіп», ауылын аңсап тұратын үлкен жүректі ағамыз Кебекбаев Жұмағали Тұрсынұлы. Талғардағы өзі қызмет етіп басшылық жасаған «Талғар политехникалық колледжінің» көшесіне Ақсудың ардақтысы Барлыбек Сырттановтың есімін беруге мұрындық болды. Қазір Талғар осы атамыздың көшесімен бастау алады. Бұған қалай мақтанбаймыз. Сондықтан осы ағамыз жайлы жазайын дегенімде Жұмағали ағамыздың енді жазылып жатқан, жақында жарық көретін «Өмір өткелдері» кітабының түпнұсқасы қолыма тиіп, басынан – аяғына дейін оқып шықтым. Сонда: Мырзагелді Кемелдің «Абзалдық әліппесі» атты әңгімесінде:
«Бәрін ақшаға сатып алуға болады деп ойлайтындар өздері ақшаға тез сатылатындар. Дүниеде ақшаға сатып алуға болмайтын құндылықтар бар, соның ішіндегі маңыздысы – денсаулық пен адамгершілік, ар — ождан. Осылар болмаса байлық та, билік те түкке тұрмайды», – деген сөзі көңіліме қатты ұнады. Менің бүгінгі «Тәуелсіздік тарландары» айдарымен жазғалы тұрған мақаламның кейіпкері жерлесіміз, Ақсуды «Меккем», Талғарды «Мединем» деп санайтын, Талғар ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Респуликасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, спортшы, қажы Жұмағали Тұрсынұлы Кебекбаев та осы сөзді өзіне ұран еткен, осындай абырой – беделге өзінің адал еңбегімен жеткен азаматтардың бірі.
Оның өмірі мен еңбек жолын қажырлы еңбекпен, өмірлік ұстанымына адалдықпен, кешегісі мен бүгіні және болашағын мызғымас жіппен сабақтастыра отырып, мұратқа адалдықпен өрлегенін айта кеткен жөн. Маған нәр берген киелі Жетісу жері… Жұмағали Тұрсынұлы өзінің шыққан тегі мен тарихи тамыры ілтипат пен құрметке лайық ата — тегін осылайша суреттейді. Ол 1953 жылы 16 мамырда бұрынғы Қапал ауданына қарасты «Суықсай» кеңшарында, бір сөзбен айтқанда, биік таулы Ақтөбе ауылында алты балалы көп балалы отбасында дүниеге келген. Еңбек жолындағы қиындықтарды табыспен және абыроймен жеңді. Бұл оның қасиеттері мен мінез — құлық ерекшеліктеріне байланысты: Алға қойған мақсатқа жетудегі төзімділік, табандылық өмірді жақсартуға деген құлшыныс. Ол Еңбек, Адалдық, Жүйелілік, Отбасы, Достық, Тиімділік, Шығармашылық, Инновация, Спорт сияқты іргелі құндылықтарды ұстанып, өзі жасаған жолмен жүрді. Сондықтан отбасы және спорт – оның өмірлік ұстанымы. Біздің кейіпкеріміз отбасына және отбасылық құндылықтарға құрметпен және сүйсінумен қарайды. Өз бақытын, жан жарын Алматыда кездестірді, аты Клара еді, мамандығы есепші. Екеуі бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Атасынан адам бойындағы ең жақсы қасиеттерді бойына сіңірген немерелері қазір соның жалғасына айналған. Жұмағали ағамыздың бойында агроном, мұғалім, спортшы, жаттықтырушы, басшы, кәсіпкер, директор сияқты барлық мамандықтар жинақталғандықтан, өзінің қасиеттері жағынан ерекше тұлға.
Достық демекші туып — өскен Суықсай ауылындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепті бітіріп, Қапалдағы мектеп-интернатта оқып, кейін әскер қатарында әскери борышын өтеу кезінде, қазіргі уақытқа дейін ер мінезді, достары көп болды. Солардың ішінде ол өзінің бала күнгі досы, бұрынғы Білім және ғылым министрі, сенатор Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловпен бірге Германияда танк әскерінде де бірге қызмет етті. Оның тамаша жолдас, жауапты және тәртіпті жауынгер болғанын атап өтеді.
Әңгімемді осы кітапты оқи отырып көңілге түйген сырларымды «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегендей өлеңмен өрген ойыммен бастасам:
Кім біледі Жұмағали Тұрсынұлын?
Кешегі таудың ерке, қырсық ұлын.
Бүгін енді ардақты ата болып –
Ақсуым жеміс берді бұл шыбығың.
Қамын жемей басының, құлқынының,
Бәрін сырып дүние жылтырының.
Туып өскен жеріне туын тігіп,
Жамау болған ауылға жыртығы мың.
Өзіңізбен танысып былтыр інің,
Бүгін енді ақтарды сыр тұнығын.
Ауылдас, бауырласқа жеткізейін,
Ағаның жүрегінің дүрсіл үнін
Жары болып Талғардың сылқымының,
Өз қолымен жасады тіршілігін.
Қалдырған білім, спорт саласына,
Ағаның кейінгі ұрпақ білсін ізін.
Ойланып елдің ертең, бүрсүгінін,
Шешімін тапқан өмір тылсымының.
«Тәуелсіз ел тарланы» құтты болсын,
Еңбекпен көтерілген бұл тұғырың
Ағаны құрметтесе жұрты бүгін,
Қалайша қуанбайды шіркін інің.
Мекке барған қажылық қабыл болсын,
Оқыған намаз бенен құлшылығың.
Ары қарай сөзбенен жеткізейін, өмірдегі өкініш, күрсінуін. Ол не өкініш? …
Ер жеттім, Әке, сенімің енді ақталар,
Боламын балаң әркімге ертең мақтанар.
Бүгінгі уайым, бүгінгі қайғың болған ұл,
Бір күні сенің басына қонган бақ болар! – деп торғайлық ақын Саят Əбенов жырлағандай, өзі әке, өзі ата болған 70 – ке таяған шағында: Жұмағали ағамыз «Ес біліп, ат жалын тартқаннан бері әке шешемнен алыста тұрдым, жылына бір рет, ары кеткенде екі-ақ рет келетінмін. Ауылға келгенде де олардың жанында көп болмай, ауылдағы таныстарды, туыстарды аралап, қыдырып кететінмін. Бұл да бір өкінішім. Ата — анаң сені жыл бойы сағынышпен күтеді, ал сен болсаң олардың мауқын басқанның орнына қыдырып жайыңа кетесің, Шерхан ағамыз айтпақшы, бір кем дүние…» деп өкінішін, балалықпен, шалалықпен жіберген қателігін даналықпен өтеу мақсатында Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері Әкесі Тұрсын Қалимолдаұлына өзінің туып – өскен, еңбек сіңірген ауылы Суықсайға көше атын беруді жоспарлаған. Оған ауыл жұрты да қолдау білдіруде. Қазақстанның шекарашы генералдарының да Аксу ауданының Әкіміне жазған өтініші де бар. Сондықтан да, Суықсайдан көше атын беруге лайық деп білеміз.
Ендеше, Кебекбаев Тұрсын Қалимолдаұлы туралы ұлы Жұмағали ағамыздың өзін сөйлетейік.
– Әкем Тұрсын Қалимолдаұлы 1923 жылы 23 тамызында туған, орта бойлы, қараторы, қою қасты, томаға тұйық адам еді. Көп сөйлемейтін, бір сөйлесе ашылып сөйлейтін, калжыңдағаны да жақсы көретін. Ол көп жұмыс істейтін, өйткені әкемнің пайымдауынша, ер азамат алдымен өз Отанының азаматы, содан кейін ғана ол — ұл, аға, әке. Сондықтан бес баланың тәрбиесі анамның мойнында болды. «Жақсы жар — жігітке біткен бақ» демекші, анамыз біздің әкеміз үшін үлкен бақ болған адам. Соны жете сезінгендіктен бе балалар үшін сен жауаптысың дейтін анамызға. Бірақ бізге үйде тәртіп орнату үшін әкеміздің қас — қабағы да жеткілікті еді. Өйткені әкеге бағыну — Аллаға бағыну, әкеге қарсы шығу — Аллаға қарсы шығумен бірдей екенін біліп, соны зердеге тоқып өскен ұрпақпыз. Соған сай әкеміз барлық қазақ ер-азаматтары сияқты балаға қамқорлықпен қарады, ұрсу, жазалау дегенді білмейтін. Әкеміз бен анамыз өте жарасымды жұп болды. Әкемнің екі қарындасы бар еді, олар – Тұрар мен Мағрипа. Тұрар апам 1927 жылы туған, марқұм кайтыс болған, Мағрипа 1935 жылы туған, Талдықорғанның жанында Қарабұлақ селосында тұрады. Басқа туыстары жоқ. Әкем де, анам да зиялы әулеттен шыққан жандар.
Әкем марқұм өте шебер адам еді, ең аяғы киім пішу, іс те тігетін. Тіпті, шешеме көйлегін пішіп беретін, етік тігу, радио, телевизор жөндеу де қолынан келетін. Мен ес білгенде әкем ауылда есепші болып қызмет істейтін, ауыл жұмысшыларының еңбекақысын жазатын. Кейін пошташы болды, күнара 50 шақырым совхоздың орталығынан салт атпен пошта әкелетін. Осы ретте жерлес ақын Мұқатай Қауысовтың әкем туралы жазған өлеңі ойға оралады.
ТҰРСЫН АҒА ГАЗЕТ ЖАРШЫСЫ
Ақтөбенің ұл-қыздары болсын деді кемеңгер,
Деген оймен газет таратты орталықтан майдангер.
Сауатты боп, оқып білім алсын ұрпақтар,
Кейін таман шығар бәлкім қаламгер.
Газет, журнал оқығанның көп қой білсең пайдасы,
Көзі ашық болсын деген, жоқ арамдық айласы.
50 шақырым ат үстінде, қапырықпен аязда,
Бірдей білсең еңбектері мейлі шахтер қайласы.
Әкесінің жолын тосып Қарлыға мен Қаршыға,
Көзін сүзіп отырды ма газет деген жаршыға?
Ақтөбенің елмен жұртын сусындатқан газетпен,
Аға өмір тірліктері ұқсағанды алшыға.
Бұзау бағам, жол бойында су иірім тасында,
Су ішемін ағаменен бұлақ, тұма басында.
Майдангердің ыстық — ыстық алған демі расында,
Көз алдымда қалып қапты, тотыққан аға өң — жүзі.
Иен дала, ұзақ жолда ат үстінде тірлікпен,
Достасып та кеткен еді, аға менен ен түзі.
Қазір ойлаймын, шалғайдағы елге газет — журналды күнде оқу керек пе еді, аптасына бір рет әкелсе де болар еді ғой деп. Жұмысына деген адалдық қой, қысы — жазы, аптап ыстық пен аязды боранға қарамай поштаны күнара 50 шақырым жерден атпен таситын. Оны мен түнімен сұрыптап, әкем әркімнің тапсырған газет — журналын бөліп, ертеңінде әр үйге таратып беретінбіз. Сол кезде ауылдың азаматтары жазылған газет — журналдарды мен түгел оқып шығатынмын. Осы әрекеттер орыс тілін үйренуге, білімімді, ой-өрісімді кеңейтуге көп себін тигізді. Ауыл балаларына қарағанда мақтануыма болады, әлемде не болып жатқанын, елдегі болып жатқан оқиғаларды олардан ертерек білетінмін. Әкем 1942 жылдың мамыр айында әскер қатарына шақырылып майданға аттанып, содан 1951 жылы ғана оралыпты.
Тұйық адам болғандақтан ба, әлде тағдырдың тауқыметін көп тартқандықтан ба соғыс туралы көп айтпайтын, ол туралы киноларды да көрмейтін еді. 18 армияның 40-погранотрядының құрамында соғысқа қатысыпты. Кавказ операциясына, Новоросийскіні, Сталинградты қорғауға қатысқан екен. Майкоп, Гомель, Днепропетровск, Крым, Севостополь, Ялта, Бакшасарайды азат ету соғыстарына қатысыпты. Осыдан кейін әскери бөлімді қайта жасақтап 3-Беларус майданының 39-армиясының 97-погранотрядына қосыпты. Одан ары қарай Смоленск, Курск, Кенисберг майданында соғысқан екен. Одан ары әскердің азайуына байланысты 39 армияның 24-шекара отрядына қосыпты. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» медалімен, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «За оборону Кавказа», «За боевую заслугу», «За взятие Кенисберга», «За победу над Германией» медальдарымен марапатталған. Тәуелсіз мемлекеттер кеңесінің 1995 жылдың 26 майындағы шешіммен Кеңес одағының маршалы Г.К.Жуков медалімен марапатталды. Бұдан басқа әкем Ұлы Жеңістің 30 — 40 — 50 жылдық медальдарымен Қарулы күштердің 60, 70 жылдық медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін халық шаруашылығына сіңірген адал еңбектері үшін Талдықорған облысының атқару комитеті халық депутаттар Кеңесінің 1984 жылғы 22 Тамыздағы шешімімен және Советтер Одағының Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Ұлы Отан соғысының 50 жылдық жеңісінің тойлануына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке құттықтауына ие болады. Қазақ ССР-інің Байланыс Министрлігінің 1975 жылдың 16 қазанындағы шешімімен «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төс белгісімен, 1994 жылдың 10 наурыз күнгі Украина Президентінің жарлығымен «50 років визволення Украіни» марапатын алған.
Тіпті анамыз, әкеміздің жұбайы Өтелбаева Қапипа Нұрмұханбекқызы да соғысқа қатысып, ұрыс даласында жаралыларды құтқарып, 2 — Украина майданына қатысқан. Екеуі бірге 5 бала тәрбиелеп өсірді.
Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары әкесі Тұрсын Кебекбаевтың ерліктері туралы майдандас досы жазған мақала аудандық газетте жарық көрген екен. Ол кезде газеттің аты «Өмір нұры» болатын. Жұмағали ағамыздың өмірдегі тағы бір өкініші сол газетті сақтап қоймағаны. Қазір архивтерді ақтарып таба алмай жатырмыз. Ол кездегі майдандас аталарымыздың барлығы өмірден өткен, ал, газетті архиві ешқандай жерде сақталмаған. Егер оқыған адамдар болса, сол газетті сақтап қойған көне көз қариялардың есінде болса тауып алуға көмектессе жақсы болар еді. Бірақ әлі іздестіріп жатырмыз. Егер табылып жатса газетіміздің алдағы номерлерінің бірінде қайта жариялаймыз деп ойлаймын.
Жұмағали Тұрсынұлы лайықты ата — ананың перзенті ретінде әке есімін мәңгілікке қалдыруды парыз санады. Әкесінің есімін өзі туып — өскен Суықсай ауылдық округі, Суықсай ауылының көшелеріне ұсынып, осы еңбектерін ескеріп, Суықсайдағы Жота деген көшеге атамыздың есімін берсе деген тілегіміз бар. Бұл Жота деген көшеге ешкімнің атын бермеген, жотадағы үйлер тұрған көшені Жота деп атап кеткен екен, Жота жер, су атауы емес. Суықсай ауылы Бүйен өзенінің екі жағына сайда тұр, кейін совхоздың автогаражы орналаскан жотаға үйлер салына бастапты, тұрғындардың үй құжаттарын рәсімдегенде тұрған жерін Жота деп атаған, содан барлық адрестік құжаттарда көше атауы «Жота» болып кеткен. Сол жота атауын Ұлы Отан соғысының ардагері, сол елге еңбегі сіңген Тұрсын Кебекбаев атын беруге өтініш беріп, соған жұмыс жасауда. Әкесі Тұрсын Кебекбаевты сол округтің тұрғындары жақсы біледі. Елге сыйлы адам болған. Аудан басшылары, ауыл әкімдігі, аудандық онамастика бөлімі бұл өтінішімді қолдап, жерге қалдырмас деп сенемін – дейді батырдың ұрпағы Жұмағали ағамыз. Біз де сенеміз.
Ербол СЫМХАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Өте жақсы жазылған, қысқа да нұсқа, жазған өлеңіде әсерлі шыққан рахмет, ана газет табылсын