Еліміз тәуелсіздік алған жылдары ертеңіміз не болады деген сұрақ барлығымызды ойландырғаны анық. Қазақстан халқы өз тағдырын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен байланыстырды, сенім артты, Президент етіп сайлады. Елбасымызда аянып қалған жоқ, барлық күш-жігерін еліміздің өркендеуіне арнады. Көптеген бағдарламалар қабылданды, жаңа Астана бой көтерді.Бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем біледі, таниды, санасады. Бірлік пен татулық орнаған көп ұлтты мемлекетіміз дамып, өркендеуде. Қазақ халқының осындай биіктерден көрінуі, халықты бірлікке, еңбекқорлыққа, татулыққа шақырып отырған Елбасы, Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегі. Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп өзгерту өте орынды шешім.
К.Дәулетбекова,
аудандық мәслихат депутаты.
Болашақты болжай алған Елбасы 30 жыл ел басқарып, өзінің көреген саясаткер, елдікке бастаған аса дарынды реформатор, халқын шын сүйетін тарихи тұлға екенін көрсетті. Н.Ә.Назарбаевтың мемлекетіміздің жаңа астанасын тұрғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналды. Жаңа Астана шын мәнінде жаңа дәуірдің қаласы болды. Бүгінгі танда Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың есімімен Астана қаласының атауының Нұр-Сұлтан болып аталуын қолдаймыз. Бұндай зор қызметке Н.Әбішұлы лайық тұлға. Бұл 30 жылға халыққа, мемлекетке сіңірген еңбегі үшін көрсетілген құрмет.
Р.Н.Ибраимова,
Алматы облыстық мәслихат депутаты,
«Шоңай батыр» БПҰ-ның төрайымы.
Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі Тәуелсіз отанымыздың тарихында алтын әріптермен жазылары анық. Елбасымыз Кеңес одағының шеңгелінен қалжырап шыққан, нарықтық қатынастарға тап болған елдің еңсесін түзеп нұрлы болашаққа жол сілтеді. Қиын сәттерде халқымен бірге болып, Қазақстанды барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Мен тәуелсіз, бейбіт, болашағы жарқын елде өмір сүріп жатқаным үшін Елбасының алдында басымды иемін. Астана қаласының атауының Нұр-Сұлтан болып аталуы орынды.
С.Байжұманов,
Б.Сыртанов ауылдық округ әкімі, БПҰ-ның төрағасы.