Құрметті мұсылман бауырлар, игі жақсылар!
Баршаңызды келе жатқан мүбарак Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын. Жаратушы Алла баршаларымыздың ұстағалы тұрған оразаларымызды, ниет ықыластарымызды қабыл етіп, әрбір отбасыға береке-бірлік беріп, Қасиетті айдың шарапатын баршаңызға нәсіп еткей!
Алла Тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі ол – Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы.
Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарханы рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.
Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуанышты сәт болса, кешкі ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен басқосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді.
Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Құранда Алла Тағала оған байланысты: «Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» («Бақара»:183) – деп бұйырды. Басқа айда өз қалауынша бей-берекет ішіп-жеп, кейде ысырап етіп үйренген құл ендігі жерде судың бір тамшысын, тамақтың бір түйірінің қадыр қасиетін түсінеді. Барша ырыс-берекенің, рызық-нәпақаның шынайы Иесі Аллаһ Тағала екенін ұғынады . Кешке қарай барынша ашыққан құл қарны кейде шала тойып, кейде аш жүретін жетім-жесір, кедей-кепшіктердің хал-ахуалын ұғынып, аштықтың, жоқтың не екенін жан-тәнімен сезінеді. Бұдан былай ол жетім көрсе жебеп, кедей көрсе демеп жіберуді өзінің ұмытылмас борышы деп біледі.
Отыз күн отыз сағаттай өтеді де кетеді.
Бірде пайғамбарымыз (с.а.с): Айша анамызға: «Жәннаттың есігін қақ» дейді (яғни, біреудің үйіне кірерден алдын әуелі есігін қағатынындай Айша анамызға «жаннаттың есігін қақ» — дейді). Сонда Айша анамыз түсінбей: «Жәннаттың есігін қалай қағады?» деп сұрағанда. Оған Алла елшісі (с.а.с): «Ораза ұста. Әрі ораза ұстағаның жәннаттың есігін қаққаның» — деп жауап берген» екен.
Айта берсек оразаның пайдасы өте көп, отыз күн отыз сағаттай өтеді де кетеді. Ең бастысы осы қасиетті айдың сансыз сауаптарынан мақрұм қалмай, ораза ұстауға, жақсылықтар жасауға, ренжіскендеріміз болса татуласып, кешірім сұрасуға тырысайық. Ақыретте тек ораза ұстағандар ғана кіргізілетін Жәннаттың «ар-Райян» қақпасынан Алла барлығымызды қуанышты жүзімізбен кіруімізге нәсін етсін. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай! Алла Тағала Рамазан айын бізге Өзі разы болатындай пайдалы өткізуді жазсын! Әумин!