Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар…
Бүгін Мұқағали жырына арқау болған ақылы дария қарияларымыздың халықаралық мерекесі.
Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат — аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады. Бұл күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, оқушылар мен студенттердің тарапынан қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалады.
Қазан айының бірі «Қарттар күні» Ауыл жастары бұл күнді естерінен еш шығарған емес. Қазыналы қарттарға барып, көмектесе жүріп, аузы дуалы ақсақалдардан өткен жайлы сыр шертетін тартымды әңгімелеріне құлақ құрышын қандырып қайтады.
Аталмыш мереке қарсаңында Ойтоған ауылдық әлеуметтік қызметкер, спорт нұсқаушысы және жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушы бастаған жастар қауымы ауылымыздағы мүмкіндігі шектеулі қарттардың бірі Байтақов Елеусіз атаның шаңырағында болып қайттық.
Шағын сыйлықтарымызды ала барып жастар қарияның үйіндегі жұмыстарына жәрдем беріп, бір бөлім жастар қыстық отынын ұсақтауға кіріссе, енді бір бөліміміз шөп-шалаңның етегін жинасытырып қызу еңбекке кірісіп көмек көрсетіп қайттық.
Осы бір тамаша ұйымшылдықтың куәсі болған данагөй қариялар бір марқайып, майсайрап қалды. Жастарға ақ батасын беріп, дән ризашылығын білдірді.
Қарттарға деген құрмет бұнымен шектеліп қалмады. Ауылдық мәдениет үйінде қарттарға арналған іс – шара аталмыш мерекенің көркін қыздыра түсті. Данагөй ақсақалдар өз немерелерінің шалқыта салған әндерін естіп, мың бұралған билерін көріп марқайып, масайрап отырды. Ақ алғыстарын жаудырды.
Даналықтың алтын кілті — ата-бабаларымыз. Ата жолын жалғап келе жатқан бүгінгі күнгі ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз. «Қарты бар үй, қазыналы үй» деп бекер айтылмаса керек. Үйдің берекесі мен мерекесі, есігіміздің ажарын кіргізіп тұратын барша даналарды бөліп жармай «көненің көзі, асылдың сынығы» болған бүгінгі данагөй қарттардың баршасының басын қосып, үлкен дастарқан жайылды.
Құттықтау сөзін Елбасының «Ардагерлер – біздің алтын қорымыз, мақтанышымыз» деген пікірімен бастаған ауылымыздың әкімі Т.Т.Білісбек қариялардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестерінің орны бөлек екенін атап өтті.
–Ауылымыздың өсіп-өркендеуіне сіздердің қосқан үлестеріңіз үлкен, еңбектеріңіз орасан зор. «Қарты бар ел – қазыналы ел» дегендей, сіздер біздің қазынамыз болумен қатар, бағыт-бағдар беретін даналықтың сарқылмас бұлағысыздар. Біздің ардагерлерге, қарттарға деген құрметіміз тек 1 қазанда ғана емес, барлық уақытта да көрсетіле беретін болады, – деді ауыл әкімі Т.Т.Білісбек.
Бүгінгі таңда күн өткен сайын білімдіміз, мықтымыз деп алып, қорғансыз қалған шағында қарияларымызды қарттар үйіне алып барып тоғыта салатын жастар да жоқ емес.
Қазақылықтан танбай, ата-анамызды қадірлей білейік. Әр қазақтың баласы ата-анасын ардақтай білсе, қадірлесе, құрметтесе нұр үстіне нұр болмақ. Үлгілі отбасылардың өнегесін алып, өсіп-өнген ел мақтанар, қызыға қарап қайырымды жастарымызбен даналарымыз аман болсын!..