Қарттарым асыл қазынам

Қаймақ қалқып алатын қарасудан,

Жалғандықтың жұлғылар жағасынан.

Қазағымның қарттары-ай кешегі өткен,

Жаудың шетін көргенде жағы ашылған.

Алладан тілек тілеп, қол жайғызған,

Батасымен ұрпақтың бағы ашылған.

Қазыналы қарттары қазағымның,

Ажырамай жүрсе екен жарасымнан- деп ақындар жырлағандай, қазыналы қарттар береке мен бірліктің жарасым тапқан көрінісі деп білеміз.

Ауылдың шеті дөң болса,

Ерттеулі тұрған атпен тең.

Ауылыңда қарт болса,

Жазылып қойған хатпен тең — деп босқа айтылмаса керек. Көненің салтын, ғұрпын һам шежіресін жеткізуші қарттарымыз қашанда құрметке лайық. Езін жөнге, тентегін тезге салатын ақсақалдарымыздың абыройы қазақ отбасында төмендеген емес, төмендемейді де. Себеп біреу-ақ, біз:

Асағаны ақ май,

Жанарлары оттай.

Арғысы алысты болжайтын,

Қарғысы қарысқа толмайтын.

Той десе домалайтын қу басы сияқты,

Кең дала сырласы сияқты.

Жауына да сіңіп жан асыраған,

Ауына да тығып бала асыраған.

Тау — тастан ірге қашаған,

Табиғатпен бірге жасаған.

Бөрінің тектілігін қанына сіңірген,

Ананың ақ сүтін арына сіңірген.

Ұраны Абылай болған,

Тәубесі а, құдай болған текті халықтың текті ұрпақтарымыз. Біздегі сана мен сезім бабаларымыздың даналық сөздері және құранның шариғаттарымен қалыптасқан. Біздің қанымызда қарттарға қарсы ұшатын қасиет жоқ, керісінше қарттарға бас иетін қасиет бар. Абыздарымызды сыйлау үшін, білімнің қажеті жоқ тек бабаның сөзін үлгі тұтсақ жетіп жатыр.

Қарттарын қаратаудай қастерлейтін халық болмасақ, М.Мақатаев қарттарды сүйем деп жырламас еді. Ендеше, қазақтың тар маңдайына симай кеткен Мұқағали ағамыздың «Мен қарапайым қарттарды сүйем» атты өлеңін осы мақаламыздың әлқисасы ретінде кіргізейік.

Мен қарапайым қарттарды сүйем,

He деген керім еді!

He біледі осы жұрт, не біледі?!

Бабалардың баласы — қариялар

Сиреп бара жатқандай көрінеді.

Сақалыңнан айналдым, қарт — бабалар,

Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?

О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,

Қанеки, нелерің бар салтқа жарар?

Қанеки, нелерің бар, Аталарым?

Ұрпағыңа ұран қып апарамын.

Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да,

Сендердің мұрагерің атанамын.

Осылай деп қарттардан қалап келем,

Өнеге, өсиетін санап көрем.

Санап көрем… тоймаймын… сұранамын,

Себебі мен де бір күн жауап берем.

Қарттар бізді тастайды-ау, күйінемін,

Ой, өмір-ай, неғылған қиын едің!?

Сондықтан да садақ боп иілемін,

Сауыт болам, тек қана киіне біл… қартты қадірлеуге осы бір өлеңді жаттап алсақ та жетіп жатыр емес пе. Деседе ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарының орны ерекше, олай болса әр халықтың бойында ықылым заманнан бері қалыптасып оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. Қазақ қарты жасына лайық ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты ойы терең ақылы телегей теңіз болып келеді. Міне, осындай теңеуге лайық қарияларды жылына бір рет келетін 1 қазан қарттар күнімен құттықтап қарт көңілдерін жұбатып, мерекелік көңіл — күй сыйлап, дастархан жаю бәріміздің міндетіміз деп білеміз. Осындай мерекелік көңіл — күй сыйлау мақсатында қарттар күніне орай  Жансүгіров ауылдық округінің әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Ақ-Нар» мейрамханасында арнайы дастархан жайды.

Шараға аудан көлемінен 150-ге жуық ата – әжелеріміз қатысты. «Өлі разы болмай, тірі байымайды»,-дегенді санаға сіңірген халықтың ұрпағымыз ғой, тілек айтпас бұрын пәни дүниеден бақи дүниеге аттанған ата – апаларымыздың рухына аудандық мешіттің имамы А.Тасболатұлы құран бағыштады. Мерекелік шара әрмен қарай аудан әкімі Ә.Далбағаев, мәслихат хатшысы Б.Сүлейменов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы А.Айтбаев, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары К.Дәулетбекова, зейнеткер Х.Шидаев, аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Б.Нұрсейітқызы, Жансүгіров ауылдық әжелер кеңесінің төрайымы К.Ермұханбетовалар бастаған бір қатар ата – апаларымыздың тілек сөзімен жалғасын тапты.

— Ауданымызда өңіріміздің дамуы жолында әр салада қызмет атқарған 1256 зейнеткер бар. Енді олардың барлығын шақырып дастархан жаю мүмкін емес. Десе де біз шақырылған қонақтарды жыл сайын ауыстырып шақырып отырамыз. Кей кісілерді мерекеде үйлеріне барып құттықтап қайтамыз. Өздеріңіз көрген бүгінгі мерекелік дастарханға келген ата – әжелерімізге біз керемет көңіл күй сыйлай алдық деп білеміз. Сондай-ақ, бүгінгі шараға қатысып, қарттарымызға мерекелік көңіл күй сыйлаған аудандық «Молықбай» атындағы мәдениет үйінің қызметкерлеріне, аудандық Исабаев атындағы Өнер мектебінің қызметкерлеріне, «Ақын Сара» мәдениет үйінің қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз жәнеде қарттар күні жайында бір ауыз тоқтала кетер болсам мереке бастапқы кезде Қарттар мерекесі Шет елдерде, содан соң АҚШ-та, бірақ 80-ші жылдың аяғына қарай барлық мемлекеттерде тойланатын болып шешілді. Осы уақытта жағдайлары төмен қарт әже — аталарымыз, ардагерлер зор алғысқа кезігеді, сонымен қатар қарт кісілерге қаржылай жәрдем қарастырылады.

Көптеген жастарға ақыл, дана сөздеріңізді айтып, шәкірттеріңізді бағып — қағып, оларға айтқан ізгі өсиеттеріңіз үшін ризашылығымзды айтамыз! Сіздерге зор денсаулық, көтеріңкі көңіл күй, сәттілік пен ұзақ ғұмыр тілейміз! Әрқашан жандарыңызда сіздерді құрметтейтін балаларыңыз, сүйікті немерелеріңіз бен достарыңыз болсын дегім келеді,-дейді Жансүгіров ауылдық округінің әкімі Б.Шарипов.

Бисмилләсіз бастамайтын сөз басын,

Қарттарымды жаппар ием қолдасын.

Қарттарым көнелердің көздері еді кешегі,

Жалғап келген бабалардың жалғасын,

Тентектерін тезге салар әр қашан,

Қарттарымның ақыл кені солмасын.

Дуалы ауыздарынан шыққан сөз,

Ұрпақтарды тектілікке баурасын.

Береке мен бірлікке тек шақырар,

Айтсын сөздің абырой мен ардасын.

Аға берсін көңілдері Ақсудай,

Бақыт пенен бірліктің салып арнасын.

Шуақ беріп, қуат беріп әр үйге,

Қарттарыммен бақыт төрге орнасын.

Тілейтінім алты Алаштың жерінде,

Қарттар үйі ешқашанда болмасын… дей келе, қазыналы қарттарымыз қарттар үйіне тоғытылып қайғымен шер жұтпай, елге ақылшы болып, мерекелік көңіл — күймен шаттық та өмір сүрсін дегіміз келеді.

Ләззат Қасымбекова,

Кенжебек Әкімбек.

Мәліметпен бөлісу: