ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ — ҰРПАҚҚА МІНДЕТ


Сан қилы кезеңдерді басынан кешіп, өмірін еңбекпен өткізген, елдің гүлденуіне негіз қалаған аға ұрпақ бүгінде қарттықты басынан кешіп, кейінгі буынның қолдауын қажет ететіні шындық. Әрине, қоғам, мемлекетіміз тарапынан оларға жасалып жатқан қамқорлықтар аз емес. Бірақ айнала қоршаған орта мен жанында жүрген адамдардың аялы алақаны мен жан жылуын қажет етері сөзсіз. Осыны ескерген «Nur Otan» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасын дайындап, ардагерлерге арнайы құрмет көрсетуді мақсат тұтқан.

«Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында Қапал ауылдық округінің «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарымен Қапал ауылының тұрғыны Айманова Галина апамыздың үйіне барып, қолғабыс етіп, үйінің айналасын тазалап, отынын бұтап көмек көрсетіп қайтты.

Аталмыш жобамен Есеболатов БПҰ мүшелері де Есеболатов ауылының жалғыз басты, қарт ана Қабаева Бисара апаның үйіне барып ауласын тазалап, шөбін тасып, тазалық жұмыстарын жасады. Сондай – ақ, ауыл тұрғыны Жақсылықова Гүлсім апаның есік алдындағы құлап қалған қураған ағаштарды бұтап, ауласына кіргізіп, қыстық отынын дайындап берді.

Құрметке бөленген қарттар өткен күндердің елестерін еске ала отырып, тәуелсіз еліміздің бүгінгі тұрмыс — тіршілігіне шүкіршілігін білдірді. Ардагер ата — әжелерін ардақтағаны үшін мектеп басшысына, партия ұйымының жетекшісіне, жалпы ұжымға алғыстарын білдіре отырып, ақ батасын берді.

Жангүл ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының эксперті.

Мәліметпен бөлісу: