ҚАРТ ЖУРНАЛИСТІҢ ТАҒЫ БІР КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

ШҮЙІНШІ АҒАЙЫН!


Менің ұғымымша, кітап дегеніміз — адамның рухани азығы, білім, ақыл — кеңес алатын құралы. Кітап адамның жүрегін, санасын, ақылын байытады, дүниетанымын кеңейтеді.
Кітап рухани қазына, өмір айнасы, замана сыры, тарих шежіресі оқу — тәрбие құралы.
Ендеше шүйінші ағайын! Жерлесіміз, журналистика саласының ардагері, алдымыздағы ақылшы атамыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Берлібек Аманбаевтың тағы бір кітабы жарық көрді. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мен ауданымыздың 90 жылдығында бас-тау алған «Аталар жайлы жыр» атты бұл жаңа кітабы биыл еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қолымызға тиіп отыр.
Енді бұл кітаптың редакторы өзім болғандықтан кітап жайлы аудан тұрғындарына түсіндірме бере кетейін.
Берлібек атамыз «Әке болып жүргенімді ұмытып, әлі күнге еркелеймін мен саған» дегендей өзінің ата болған, сексеннен асқан шағында кейінгі ұрпаққа үлгі болсын, аудан үшін, еліміз үшін еңбек еткен өзінен үлкен, өзімен қатарлас аталарымызды жастар танып жүрсін деп, олардың еңбектерін, өмір жолдарын, жүріп өткен іздерін өлеңмен өрнектеген екен.
Бұл кітапта Үстетай Әшімбаев, Мұқатай Базарбаев, Әбілмәжін Тоқтаров, Құтпанбай Айдархан, Ақыш Сабырбаев, Құдайберген Бекқалиев, Тәңірберген Қалилаханов, Құдайберген Мұратбаев, Амантай Айтбаев, Оразиман Бабиков, Бейсебек Қорғанбаев, Иманғали Мысықов сынды аталарымыз жайлы жыр толғаулары мен жеңгесі Жәмішке арналған өлең хаты беріліп отыр.
Ақын атамыз «Бұл дұрыс бастама болды. Аталар жайлы бірінші кітабым. Әлі жалғасын табатын бастама. Ауданымға еңбегі сіңген әлі талай еліміздің ардақтылары бар. Құдай бұйырса, ауырмай, аман жүрсем екінші кітабын да шығарамын», — дейді. Бекен атамыз бұдан бұрын да бірнеше кітаптың авторы. Бұйырса «Мектептегі махаббат», «Қазіргі мың бір түн» атты екі кітабы баспада жатыр. Амандық болса олар да жарық көріп, шүйінші сұрармыз. Берлібек Аманбаев сондай – ақ дін жайында да қалам тербеп, тағы да бір кітапқа жететін туындыларын баспаға дайындауда. Алла денсаулық берсін!


Ербол СЫМХАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

#Qazaqstan30

Мәліметпен бөлісу: