АРМАНЫМЫЗДЫҢ АСҚАРЫ, БАҚЫТЫМЫЗДЫҢ БАСТАУЫ

 Барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мерекеміз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы біздің ауданымызда да зор салтанатпен аталып өтті.

30 жыл ішінде даму белестеріне қадам басқан Ақсу ауданында да жасампаз жұмыстар атқарылуда. Барлық салада даму, өсу бар. Тәуелсіздік алған жылдары ау­данда 25 мектеп, 12 балабақша жұмыс істесе, бүгінде 41 мек­теп, 8 балабақша, (7 мемлекетті, 1 жекеменшік) 2 қосымша білім беру Сағабүйен саз мектебі және Өнер мектептері бар. 1473 ұстаз 7609 оқушыны тәрбие мен білім нәрімен сусындатуда.

Жоспарланған бағдарлама бойынша медицина саласы­на бөлінген қаржы ауқымы жылдан – жылға көбейіп, материалдық техникалық база­сы жақсы нығайды, жаңа техно­логиялар кеңінен енгізілді. Елді — мекендерде жабылып қалған медициналық орындар қайта іске қосылды. Мемлекеттік «100 ауру­хана, 100 мектеп бағдарламасы» бойынша Матай және Суықсай ауылдық емханалары, Қазақстан, Сағакүрес, Ақтоған, Егінсу ау­ылдарында ФАП ғимараттары жаңадан салынды. Осы жыл­дары Орталық ауруханаға за­манауи мамографиалық және флюрографиялық рентген ап­параттары, т.б. біраз құрылғылар алынып орнатылды.

Бүгінде Ақсу ауданында медициналық қызмет көрсетіп отырған 41 медициналық ме­кеме бар. 1 аудандық ауруха­на; 2 ауылдық аурухана (Қапал 25 орын, Матай 20 орын); 14 дәрігерлік амбулатория; 24 медициналық пункт. Аудан бойын­ша 195 төсектік тәуліктік стацио­нар және 125 төсек күндізгі ста­ционар бар.

Ақсу ауданы көлемінде ең бірінші болып 1991 жылы 25 — 30 жыл мерзімі уақытымен Жансүгіров елді — мекенінің бас жоспары әзірленді. Міне сол 1991 жылдын бас жоспары негізінде Жансүгіров елді-мекенінің барлық құрылыс, жол, су, кәріз, электр жарығы, кабель жүйелері, мектеп, балабақша, комерциялық нысан­дар, өнеркәсіп салалары орын­дары белгіленіп жерлері бекітіліп берілуде.

2013 жылы аудандық по­лиция ғимаратының батыс жағында 16 гектарына 58 жеке басты тұрғын үйлер салынып Есенқұл Маманұлы атынан көше берілді. 2018 жылы І.Жансүгіров елді — мекенінің шығыс жағынан қосымша алынған 550 гектардын 60 гектарына 218 жеке басты тұрғын үй салуға жерлер даяр­ланды. Қазіргі таңда коммуналдық және жалдамалы 85 жеке басты тұрғын үй салынды.

Ұзақ уақыт тоқтап қалғаннан кейін Ақсу қант зауыты екінші рет дүниеге келді. 2017 жылдың 25 қыркүйегінен бастап зауыт қант қызылшасын қабылдап, қараша айында алғашқы өнімін өндірді. (2040 тонна қант) Рекордтық қысқа мерзім ішінде 10 жыл тұрған зауытты қалпына келтіруге Ал­маты облысы әкімдігінің, «Энер­гомост» консорциумы мен Ақсу қант зауыты ұжымының үйлесімді жұмысы мүмкіндік берді. Ақсу қант зауытын қалпына келтіру арқылы, ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға жаңа серпін берді. Қант қызылшасын қайта өңдеу нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің 2020 жылдың қортындысы бой­ынша көрсеткіші 4,900 млн.теңге құрады және 1991 жылдың есепті деңгейінде 7,5 есеге өсті. (1991 ж — 650,3 млн. тг.) 1991 жылдан бері бөлшек тауар айналымының көлемі 12,6 есе өсіп, 1724 млн теңгені құрады. 1991 жылдан ба­стап негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15 млн. теңгеден 15,858 млн. теңге құрады немесе мыннан астам есеге өсті.

Жоспарлар артығымен орындал­ды. Алқабы алтын дәнге, өрісі төрт- түлік малға толған берекелі аудан биыл да жақсы нәтижелерімен көрінді.

Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Рухы биік, на­мысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз.

«Қобызшы Молықбай Байсақұлы» атындағы мәдениет үйінде өткен Қазақстан Республи­касы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында ауданымыздың дамуына үлес қосқан әр түрлі салада еңбек еткен бірқатар азаматтар «Тәуелсіздіктің 30 жылдық» медалімен, «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен ма­рапатталса, ауданның мәдени да­муына еңбегі сіңген, оқушылары талай биіктерді бағындырған, Иса­тай Исабеков атындағы «Өнер мектебінің» директоры Д.Есенов «Шапағат» медалін тақты. Бірқатар азаматтар Ақсу ауданының «Құрметті азаматы» атағын алса, енді бір топ азаматтардың есімдері «Ақсу ауданының Құрмет кітабына» енгізілді. Құрметті аза­маттар қатарында ауданымыздан шыққан халық қаһарманы Азамат Жұмаділов те бар. Осы жылдар ішінде ауданымызда бір қайғылы, бір қуанышты жағдай болды. Ол әрине Қызылағаш ауылы. 2010 жылы наурыз айында Қызылағаш тоспасы жарылып, ауылды бір жола шайып кеткені белгілі. Көп ұзамай халықтың демеуімен, мем­лекет басшысының қолдауымен ауылдың орнына жаңа ауыл бой көтерді. Он бір жылдан кейін жақында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қызылағаш су қоймасы қайтадан іске қосылды. Тоспаны «Қазсушар» кәсіпорны жөндеуден өткізді. Бөгетке 42 миллион текше метр су сияды. Су қоймасын ашуға ҚР экология, гео­логия және табиғи ресурстар вице — министрі Серік Қожаниязов арнайы келді. Осы ауыр кезеңде жаңа ау­ылды басқарған Сәуле Мәжитқызы да ауданымыздың «Құрметті аза­маты» атанды.

Аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің дайындаған та­рихтан сыр шертетін қойылыммен шара шымылдығы түріліп, мерекелік жиыннан соң жиналған қауым Ақсу халық театрының дайындаған Шеге Елубаевтың «Абай ауылында» қойылымын та­машалады.

Салтанатты шарадан кейін ау­дан орталығының шығысында бой көтеріп келе жатқан жаңа шағын ауылда 30 жылдыққа 30 жеке тұрғын үйдің баспанаға мұқтаж отбасыларға табысталуының куәсі болдық. Дәл осы күні Ақсу ауданының «Құрметті азаматы» атағын алған жерлесіміз, Жетісу телеарнасының тілшісі Гүлжанат Мақұлжанова «Ақшанқан 30 үй, шаттанған 30 отбасы» деген­дей шаттанған 30 отбасының қуанышын көру қандай керемет.

Жалпы құны — 503,913 млн. теңге болатын бұл үйлер, тұрғын үй кезегінде тұрғандарға ұзақ мерзімге жалға алу құқығымен беріліп отыр.

Дегенмен, бұл да зор қуаныш. Пәтерден — пәтерге көшкен жанның жанына бір демеу.

Баспананың кілтін, аудан әкімі Есім Базарханов табыста­ды. Ақ түйенің қарны жарылған күні, аудан бойынша, 3 жетім бала, 6 көпбалалы ана, 3 апатты жағдайдағы үй иелері, 6 бюджет қызметкерлері мен 12 халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары көптен қоныс тойын тойлады.

Солардың бірі көп балалы ана Айтқалиева Динара. Айта кетейік, тұрғын үйлерге Инженерлік және коммуникациялық желілерде тар­тылып, аумағы абаттандырылған. Бұл жұмыстардың жалпы сома­сы — 287,246 млн.теңгені құрайды. Баспананың бабын келістіріп, құрылыс жұмыстарын соңына дейін жеткізген мердігер компания –«Нұр — Құрылыс болашақ» ЖШС.

Ербол СЫМХАНОВ.

Мәліметпен бөлісу: