Биыл қар қалың жауған өңірлерде көктем шығып, күннің тез жылынуына байланысты жылғалардан аққан қардың суы қарғын суға айналды. Елімізде он жеті ғана облыс болса, соның онын «Тілсіз жау» қиындыққа салуда. Табиғи апат, су тасқыны барлық қазақстандықтарды алаңдатып, бірлікке шақырды.
Бүгін мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа Үндеу жолдап, мәселе мәнісіне тоқталды. Апат орын алған аймақтардағы жұртшылыққа толықтай көмек көрсетіліп, материалдық шығындары өтелетіні айтылды. Барлық сумен кеткен мүліктің есебі шығарылып, мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалынады деді.
Сонымен қатар, апатпен күреске жұмылған барлық тиісті мекеме қызметкерлері мен волонтерлерге алғысын білдірді. Жұрт болып жұмылсақ қана бұл қиындықты да еңсеретінімізді ескертті.
Президент сөз соңында бізге, яғни, бұқаралық ақпарат өкілдеріне, белсенді азаматтар мен блогерларға жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпарат таратпай, елді сабырға шақырып, қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды екенін айтып, сенім білдірді.
Ербол СЫМХАНОВ,
«Ақсу өңірі» ЖШС – і Ақсу аудандық газетінің жауапты хатшысы.