Халқымыз – «Төріңнен қарт кетпесін»,- деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата — дәстүріміз.
Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата — ананың алдында адамның парыз — міндеті өлшеусіз болса, еңбек жолыңда өзіңе алғашқы ұстаз болған, тәлімгер, ақылшы болған, жол сілтеген алдыңғы буын аға – апаларымыздың орны тағы бір төбе. Қазақ ғұрпындағы ардагерлердің, үлкендердің алған ерекше биік орны, қадір – қасиетін бағалау, құрметтеу — өз болашағыңды сақтау.
Ата – анаға, үлкендерге не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың. Сен үлкендерді сыйласаң, сенің артыңнан ерген болашақ та қартайғанда өзіңді қадірлейтін болады.
Біз алғаш жұмысқа келгенде абырой– беделдері асқақ журналист ағаларымыз бізге үлгі – өнеге болды. Бүгінде зейнеткерлікке шығып отырған жайлары бар. Қарттар күніне байланысты сол ардагер — журналистерге арнап ақ дастархан жайып, сый– сияпат жасадық.
Ардагерлер «Орамал тон болмайды – жол болады»,-дегендейаздаған сыйлығымызға риза болып, ақ баталарын берді. Біз сонда мәселе дастархан мен сыйлықта емес екенін байқадық. Бастары қосылып, өткен күндердегі қызықтары мен естеліктерін айтып, шүйіркелесіп, әңгімелесудің өзі бір ғанибет екен.
«Ата қайратты болса, бала ғибратты болады»,-деген сөз бекер айтылмаған. Халық арасында ауызы дуалы, әңгімесі бәтуалы ардагер — журналистер ортамызға жаңадан қосылған жастарға да біраз ақыл — кеңестерін берді.
Шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Қасымбеков арнайы қатысып, ардагерлерді құттықтап, өз ықылас тілегін білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардагер — журналист Берлібек Аманбаев атамыз өзінің жақында ғана жарық көрген «Аталар жайлы сыр» атты жаңа кітабын сыйлады.
Ардагерлерімізді әрқашан ардақтау — біздің парызымыз.
Ербол СЫМХАНОВ.