Ақсу ауданының Жансүгіров ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері Нүсіпбек Дүйсекеновке көше аты берілді.
Нүсіпбек Дүйсекенов 1917 жылғы қарашаның 25 — жұлдызында Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылына қарасты Көкөзек ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген.
Шараның шымылдығы аудан әкімі Базарханов Есім Сейілханұлының алғы сөзімен түрілді. «Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мәселелерді іске асыру үшін аудан көлемінде атқарылып жатқан игі жұмыстар өз нәтижесін көрсетуде. Бүгін осы ауылда дүниеге келіп, білім алып, жері үшін ерен еңбек еткен Нүсіпбек Дүйсекенов атамызға көше атауы беріліп отыр. Біз ардагерімізбен әрқашан мақтанып, марқайып сол кісілердің арқасында бейбіт ғұмыр кешіп келеміз» – дей келе көшенің салтанатты ашылуымен құттықтап, атамыздың қыздары Баян және Жібек Нүсіпбекқызына, күйеубаласы Құмарбек Нұрланбаевқа сый-сияпат жасады.
Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Айтбаев ақ батасын бергеннен кейін көшенің салтанатты түрде лентасы қиылды.
Шара соңы өскелең ұрпақ майдангер атамызға арнау өлеңдерді нақышына келтіріп оқып, әуелете ән салумен жалғасын тапты.