ҚАПАЛ АУЫЛЫНДАҒЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қапал ауылында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге ауыл кәсіпкерлері және жақын ауылдардың кәсіпкерлері өз өнімдерін әкелді. Бұл игі іске ұйытқы болған ауыл әкімі Жалғас Жарасұлы жәрмеңкені ара­лап, ауылшаруашылығы өнімін өндірушілермен сөйлесті. Базар нарқынан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылған өнімді жұртшылық талап алып кетті.

— Біздің ауыл аудандағы таулы аймақта орналасқан табиғаты ерекеше ауыл. Бұл жәрмеңкені ұйымдастыруда ең алдымен, тұрғындардың талап-тілегі ескеріледі. Мереке қарсаңында осын­дай игі істі бастап отырмыз, алдағы уақытта да бұл бастама өз жалғасын табады,-деді ауыл әкімі Жалғас Жарасұлы.

Шаруашылық иелері сапалы әрі арзан өнімдерін көпке ұсынуда. Таңертеңгі уақыттан жәрмеңкеге ағылған жұртшылық түске дейін арзан өнімдерді алды. Жұмыртқа, сүт, балық, қаймақ, құрт, тары, жарма секілді өнімдерді таласып алып жатты. Мерекеге орай ба­зарда көңілді әуен ойнап тұрды.

Айта кету керек, әр сенбі сайын аудан орталығы І.Жансүгіров ауылында да жәрмеңке өткізіледі.

Мәліметпен бөлісу: