Қазекем қарлығашты әубастан өте мейірімді, қасиетті де – киелі, еңбекқор, ерекше құстардың біріне балаған. Ол жайлы аңыз – ертегілерде де жиі айтылып жатады.
Бала күнімізде қойшылар ауылындағы бір қыстақта, тура шай ішетін бөлменің төбесіндегі бөренеге жапсарлатып салынған қарлығаштың ұясынан көз алмай жүретініміз әлі күнге есімде. Құдды бір қолдан тоқылған ыдыс па дерсің.
Сондағы қарлығаштың еңбекқорлығына қарап әбден таң қалатынбыз. Бір қарағанда төбеде кішкене ғана шөп жабысып тұрғанын көресің, көп кешікпей әлгі жабысқан шөптердің көлемі ұлғайып, кішігірім тостаған пішіндес болып шыға келгенін байқайсың.
Күндердің бір күнінде шиқылдаған дыбыс-тар шығып, кіп – кішкентай балапандардың бастары қылтыңдай бастайды. Аналары байғұс – тыным таппай, жиі – жиі ұшып кеп, аузына тістеген құрт – құмырсқа, шыбын – шіркей ма? бар тапқанын ауызын ашып, мойындарын соза тамақ іздеп талпынған балапандарының аузына тосып әлек.
Дәл осы қарлығаштай, қаншама мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді қанатының астына алып, мейірім шуағын аямай төгіп, 2 – 3 уақыт тамақтандырып, ойнатып, тәрбиелеп, сауатын ашып, тіпті мектепке баулып дегендей, қанаттандырып жатқан, аудан орталығындағы «Қарлығаш» балалар бақшасындағы да сол кезді есіме түсірді. Жаңа жыл мерекесіне орай аталмыш балабақшадағы «Күншуақ» тобымен өткізілген «Төрлет жаңа жыл!» атты мерекелік ертеңгілікте болып қайтқан едік. Алған әсеріміз мол, балабақшаның дәліздері І қабаттан ІІ қабатқа дейін түгелдей дерлік мерекеге сай безендірілген.
Қабырғаларда кішкентай бүлдіршіндердің ата – аналары көмегімен салынған плакаттар ілінген, түрлі – түсті қағаз шығыршықтар, жылтырақтар көздің жауын алады. Ата – аналар астыңғы қабаттағы ойын – сауық бөлмесіне жайғаса бастады.
Абыр – сабыр басылар емес. Ортаға шыққан жүргізушіні көріп, жиылған жұрт тыныштала қалды.
– Армысыздар ата – аналар, балабақша ұжымы! – деп бастады сөзін жүргізуші. Жаңа жыл мерекесіне арналған ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер…
Олай болса құрметті ата – аналар «Күншуақ» тобының балаларын қол соғып, қошаметпен ортаға шақырайық:
Жаңа жылда жаңа белден асамыз,
Жаңа жылға жырмен шашу шашамыз.
Бейбітшілік ұранымен, жеңіспен,
Жаңа жылда тағыда алға басамыз – деп, топ жетекшісі Гүлжан апай және топқа өткен жазда ғана қосылған Алинұр балақай бас-тап, бір топ бүлдіршіндер сап түзеп ортаға шықты.
Балабақша меңгерушісі Г.Қойшыбаева құттықтау сөз сөйледі:
– Балалар, бүгін барлықтарың өте әдемі болып кетіпсіңдер. Біздің шыршаға қасқыр, қоян, гномдар, балапандар, қызыл телпектер, ақшақарлар және басқа да қонақтар келіпті. Ортада тұрған шыршаға қараңдаршы – қандай биік, әрі әдемі. Сендер де осы шырша секілді әдемі, әрі биік болып өсіңдер. Ата – аналарыңда сендерден көрер қызықтары әлі де көп болсын. Жаңа жыл мерекелеріңізбен!
Қанекей, осы шыршаға арнап бәріміз шырша әнін айтайық – деп, «Балапан шырша» әнін хормен айтып бастаған бөбектер көптеген ән – би, тақпақтар орындап, түрлі ойындар ойнап, мерекені жайнатып жіберді. Кішкентай өнерпаздар Аяз ата мен Ақшақардың алдында да өнерлерін аянып қалған жоқ. Шамалары келгенше тырысып бақты.
Әсіресе, Зульфия, Әли, Албина, Кәусар, Алинұр, Арлан, Дияр т.б. балалар тақпақ айтса, Албина, Мерей, Айару, Кәусар есімді балдырғандар «Қызыл телпек» биін, ұлдардан Дидар, Абылай, Дарабоз, Алинұр, Асыл «Гномдар» биін биледі. «Қояндар» биін билеген Әмір, Ислам, Зульфия, Нұрәли ата – аналарын бір жадыратып тастады. Жалпы, Жаңа жыл мерекесінің қызықты әрі тартымды өтуінде ешбір сәби қалыс қалған жоқ. Бәрінің де өзіндік үлесі бар. Оның бәрін тізбелеп шығу мүмкін емес. Мерекенің соңында барлық балалар Аяз атадан үлкен сыйлықтар алып қайтты.
Әрбір ата – ана үшін баласының жетістігі үлкен бақыт. Ал, балдырғандарымыз үшін биік шыңды бағындырумен тең жеңіс. Ұрпағының өнеріне тәнті болған ата – аналар қауымының алғысында шек жоқ.
Осындай қуанышқа қол жеткізуде тәрбиешілер мен мамандар, көркемдік жетекшілер т.б. көптеген қызметкерлердің еңбегі жатқаны сөзсіз.
«Мың бала қуанса, мың періште қуанар»,- деген сөзді бабаларымыз бекер айтпаған болар. Сәбилерге қуаныш сыйлаған балабақшаның әр күні қызыққа толы. Өйткені мұнда сан алуан қылығымен адамды баурап әкетер кішкентай бөбектер бар. Сол сәбилерден күш – қуат алып, үнемі ізденісте еңбек етіп, оларға тәлім – тәрбие беріп жатқан қызметкерлердің ерен еңбегін атап өткен жөн.
Г.Нұртайқызы басқарып отырған ұжымның бүлдіршіндерді кішкентай күнінен білімге ғана емес, өнерге де баулып жатқан еңбегі өз жемісін беруде. Күні кеше ғана өткізілген іс – шара соның айқын дәлелі. «Көппен көрген ұлы той!» – демекші, ұжым болып, ата – аналармен тығыз байланыс-та жұмыс істеп жүрген тәрбиешілердің жұмысын көпке үлгі етіп көрсетуге ылайық.
Бөбектердің жетістікке қол жеткізуінде, ертеңгілікте костюмдарын талғамға сай етіп дайындап беруде ата – аналар мен тәрбиешілердің сіңірген еңбектері өте зор.
Сонымен қатар ортақ тіл табысып, бауыр еті баласына деген махаббатын аямай үнемі қолдау көрсетіп жүрген ата – аналар қауымына да қалай риза болмасқа?!
Қорыта келгенде, бұл ұжым тек қана мерекелік іс – шаралармен шектеліп қана қоймай, көптеген игі істердің куәсі болып, шаршамай – талмай еңбек етіп келе жатқан аудан көлеміндегі беделді балабақшалардың бірі және бірегейі десе болады.
Қойшыбаева Гаухар Нұртайқызы басқарып отырған ұжымға, соның ішінде «Күншуақ» тобының жетекшісі, тәрбиеші Жедебаева Гүлжан апайға, тәрбие көмекшісі Базарбекова Айжан, тәрбиеші Жансая Қалиева, көркемдік жетекші Гүлзада Дәуренбекова т.б. қызметкерлерге шығармашылық табыстар тілеп, зор алғыстарымызды білдіреміз.
Алда көптеген талай асуларды бағындырып, өнерлі бүлдіршіндеріңіздің қанаттары қатайып, еңбектеріңіз жанып, тек қана биік шыңдардан көріне берулеріңізге шын жүректен тілектеспіз. Барша балдырғандарға қанаттарың талмасын, самғай беріңдер «қарлығаштар» дейміз!
Ата – аналар атынан Жансүгір ауылының тұрғыны
Болатбек ӘБІЛҚАШЕВ.
Суретті түсірген: Л.ВОЛОХОВА.