АЛТЫ АСҚАРЛЫ АЛПЫСҚА ТОЛҒАН АЗАМАТ!

(Кластас досқа – жүректен шыққан ақ тілек)

Адам өміріндегі әрбір белес – жүріп өткен жолына көз жүгіртіп, атқарған ісіне есеп беретін, артта қалған ізін бағамдайтын ерекше сәт. Бүгін біздің сыныптас досымыз, сыйлас бауырымыз Амирoв Мейрамбай Кенжебайұлы мерейлі 60 жасқа толып отыр.

Алпыс жас – ақыл мен парасаттың толысқан, өмірлік тәжірибе мен азаматтық ұстанымның айқындалған шағы. Бұл – өткенге шүкіршілік айтып, болашаққа сеніммен қарайтын абыройлы кезең.

Мейрамбай екеуміз бір сыныпта оқып, балалық шақтың қызығы мен қуанышын бірге бөлісіп өстік. Мектеп қабырғасындағы сол бір алаңсыз күндер, бірге өткізген қызықты сәттер, достыққа суарылған естеліктер уақыт өткен сайын қымбаттай түседі екен. Жылдар жылжып, әрқайсымыз өмірдің әртүрлі жолына түскенімізбен, сыныптастықтың сыйластығы мен достықтың қадірі ешқашан жоғалған емес.

Мейрамбайдың өмір жолы – еңбек пен жауапкершіліктің, табандылық пен азаматтықтың жолы. Ол ұзақ жылдар бойы ішкі істер саласында қызмет етіп, түрлі жауапты басшылық қызметтерді атқарды. Қызметтің қиындығын көріп, ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігі жолында еңбек етті. Подполковник шеніне дейін көтеріліп, абыройлы еңбек жолынан өтті. Бұл – табандылық пен төзімділіктің, өз ісіне деген адалдықтың жемісі.

Алайда адамды биіктететін нәрсе тек қызметі мен атақ-дәрежесі емес, оның артында қалған адамгершілік ізі, халқына жасаған жақсылығы екені анық.

Осы тұрғыдан алғанда, Мейрамбайдың ел есінде қалатын ерекше бір азаматтық ісі бар. Ол туған бауыры Мұсеке ағамызбен бірге ауылымызға мешіт салуға атсалысып, сауапты да игілікті іске мұрындық болды. Бұл – кез келген адамның қолынан келе бермейтін үлкен жүректің, туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің белгісі.

Мешіт салу – жай ғана ғимарат тұрғызу емес. Ол – елдің руханиятына үлес қосу, ұрпаққа өнеге қалдыру, ауылда имандылықтың шамын жағу. Бүгінгі жас ұрпақ сол мешітте тәлім алып, үлкендер дұға жасап, ауыл халқы құлшылық етсе, бұл – Мейрамбай мен Мұсеке ағамыздың елге жасаған еңбегінің мәңгілік жемісі.

Халыққа жақсылық жасау үшін міндетті түрде лауазымды қызметте жүру шарт емес. Нағыз азамат туған жерінің қажетіне жарап, елінің алғысын алуды өмірлік парызы санайды. Мейрамбайдың ауылына көрсеткен көмегі, ел игілігіне жасаған жақсылығы – соның айқын дәлелі.

Қызметтен зейнетке шыққан соң да қол қусырып отырмай, ауыл шаруашылығына араласып, «Нұржан» шаруа қожалығын басқарып отырғаны – еңбекке деген құлшынысының әлі де жоғары екенін көрсетеді. Еңбектің қадірін білген адамның қолынан береке кетпейді. Өйткені елге пайдасын тигізу – тек қызметте жүрген жылдармен өлшенбейді.

Қымбатты кластас досым Мейрамбай!

Алпыс жасың құтты болсын! Өмірдің талай белесін бірге оқыған сыныптастарыңның атынан емес, өзіңмен бірге балалық шақтың бал дәуренін бөліскен досың ретінде шын жүректен құттықтаймын!

Өмірде адамның жинаған байлығы да, алған атақ-абыройы да маңызды шығар. Бірақ одан да қымбаты – соңында жақсы атының, жасаған жақсылығының, елдің алғысы мен ағайынның ақ батасының қалуы. Сенің бүгінгі мерейтойыңда осындай ізгі істеріңді еске алып, қуанып отырғанымыздың өзі – үлкен бақыт.

Алла Тағала бауырыңмен бірге жасаған сауапты істеріңді қабыл етсін! Салған мешіттеріңнен үзілмей дұға оқылып, сауабы өздеріңе еселеніп жазылсын! Туған ауылыңа жасаған жақсылығыңның қайырымы өздеріңе жақсылық болып оралсын!

Ең бастысы, денің сау, ғұмырың ұзақ болсын! Жарыңмен бірге ұл-қыздарыңның қызығын көріп, немере-шөберелеріңнің ортасында шаттыққа бөленіп жүре бер. Шаңырағыңнан береке, дастарханыңнан ырыс, жүрегіңнен иман кетпесін. Әр күнің қуанышқа, әр жылың жақсылыққа толы болсын!

Алдағы өмірің өткен жылдарыңнан да мәнді, мерейің одан сайын үстем болсын. Алпыс жастың асқарынан аман-есен асып, жетпіс пен сексеннің, жүздің төріне абыроймен жете бер!

Дос деген – бірге өскен балалық шақтың естелігі, бірге өткен өмірдің куәгері. Сол достықтың қадірі жылдар өткен сайын арта берсін!

Алпыс жасың құтты болсын, асыл досым!
Елдің алғысына бөленіп, ағайынның ортасында қадірлі болып, амандықпен ұзақ ғұмыр кеш!

Тілегімнің соңын мына бір өлең жолдарымен қорытындылайын:

Туған күні досымыз Мейрамбайдың,

Қуанышты достармен мейрамдаймын.

Құттықтап жатыр достар әр тараптан.

Ендеше мен де олардан кем қалмаймын.

Бүгін міне досымыз 60 жаста,

Кең жүректі, кең иық, кең маңдайлым.

Тілегімді мен де онда кеңге арнаймын.

Кең жүректі дейтінім – ел — жұртыңа,

Қолды созып жүресің сен де әрдайым.

Кең иықты дейтінім – ел — жұртына,

Құшағыңды білеміз кең жайғанын.

Кең маңдайлы дейтінім – адамдығың,

Маңдайдың кеңдігінен мен қалмаймын.

Ізгі тілекпен,
Сыныптас досың – Сапарғали.

Мәліметпен бөлісу: