Алматы облысында 826 мың дана «Сиврес алмасы» отырғызылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырамсына сәйкес, мемелкеттік орман қоры аумағында 2 млрд. ағаш отырғызу жөніндегі жұмыстар Алматы облысында қарқынды жүзеге асуда.
Осы мақсатта Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Алматы облысы әкімдігімен және табиғат қорғау мекемелерімен бірлесе 2021-2025 жылдар аралығындағы Алматы облысының ормандарын молайту және орман өсіру көлемін ұлғайту бойынша Кешенді жоспарын әзірледі.
Аталған жоспарға сәйкес 5 жыл ішінде 83 млн. ағаштың 71 млн. данасын тұқым себу арқылы, 12 млн. данасын көшет отырғызу арқылы құру жобаланған.
Тарқатып айтар болсақ, 3 млн. 193 мың дана шренк шыршасы, 308 мың қарағай, 237,3 мың терек, 95 мың қайың, 4 млн. 544 мың қарағаш, 621,4 мың жиде, 234,2 мың тал, 540,83 мың дана өрік пен қызыл кітапқа енген «Сиврес алмасынан» 826 мың дана, сондай-ақ сексеуілдің 71 млн. данасы отырғызылады деп көзделген.
«Облыс аумағында Мемлекет басшысының орман қоры жерінде 2 млрд. ағаш отырғызу туралы тапсырмасын облыс әкімдігіне қарасты 14 орман шаруашылығы КММ, 3 МҰТП, 1 МТР, 1 МДП және 1 Селекциалық-тұқым өсіру орталығы іске асуын орындайды. Жоғарыда аталған мекемелерде орманды молықтыру жұмыстарын орындауға қажетті стандартты отырғызу материалдарымен қамтамасыз ететін 30 дана орман тұқымбақтары бар»,-дейді Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрқуат Қонысбаев.
5 жыл ішінде жобаны қаржыландыруға жобалау-іздестіру жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд 78 тыс. теңге бөлу, жергілікті бюджеттен ағаш отырғызу көлемін орындауға және талапқа сай келетін техника мен құралдар алуға – 3 млрд. 330 млн. тенге бөлу қарастырылған.
Бөлінген қаржы есебінен 31 арнайы авто техника, өндірістік мақсаттағы құрал-жабдықтар алу жоспарланған.
Негізінен, өңірдегі мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы аумағы 5,4 млн. га құрайды. Бұл облыстың 24,1%-ын қамтиды. Орманмен көмкерілген жер көлемі 2 млн. га. Облыс аумағының ормандылығы 8,3 %. Орманды жерлердің басым бөлігі Кеген және Балқаш аудандары аумағына тиесілі.

Мәліметпен бөлісу: