Алишер Төребай ақын (1844-1911ж.ж.)

Биыл, «Есқожа баласы Төребаймын, әнге де, өлеңге де сайма-саймын» деген, шартарапқа әйгілі болған Есқожаұлы Төребай ақынға 175 жыл толады. Есқожаұлы Төребай ақын 1844 жылы сәуір айының басында бұрынғы Жезқазған облысы, Жаңарақа ауданы, Жеңіс қой совхозына қарасты Жуан ана мазарына таяу жерде өмірге келген. Анасының есімі Балым. Ауыл молдасынан оқып, хадимше хат таныған. Діни білімін Керей, Ашамайлы Сарымолда Ноғайбекұлы ұстаздан 15 жасқа дейін оқып жетілдірген. Семей, Қызылжар жағында жәрмеңкелерде жүріп орысша тіл үйренген. Шежіреге бой ұрсақ, шыққан ататегі Кіші жүз – Алшын — ЖетіруЖағалбайлы – Лез – Бұлди — Өмірәлі – Тайкешу – Бөшік – Алданазар – Жұлдыз — Бекей. Есқожа мен оның әкесі Бекей орта шаруа, екеуі де әнші, домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, атбегі, құсбегі, мерген адамдар болыпты. Бекейдің әкесі Жұлдыз Алданазарұлы жүзбасы, одан мыңбасы болып, Сырым Датұлының көтерілісіне қатысқан ірі жауынгер, сардардың бірі болған екен. Бекей ағайындарын бастап Көтібар батыр,  одан Исатай-Махамбет бастаған көтеріліске қатысады. Бекей мерген бастаған жұрт Арғын ішінде Қуандықтың басты адамдарынан қоныстануға жер сұрайды. Жаңарқадан қыстаулық қоныс беріледі. Ол жерлерді 1838-1844 жылдары мекендейді. Төребай ақынның төрт айлық мерзімінде қол жинап жүрген Кенесары ханның інілері Ержан мен Наурызбай үгітіне еріп, Алатауға Кекіліксеңгір жотасына көшеді. Бекей мен Есқожа Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысады. Кенесары қаза тапқан соң, Сарыарқаға өте алмай, Сұлтан төре Нұралыұлының шақыруымен Жетісудағы Жалайыр елі ішіне келіп қоныстанады. Ол туралы ақын Сара: «Ауылың Шудан бері асып келген, Жүніндей жабағының жасып келген. Манаптар Кенекеңді өлтіргенде, Шошынып Қырғыздардан қашып келген», — деректейді. 1847 жылы күзде көшіп келген отыз үй Жағалбайлы өсіп-өніп, 1900 жылы 140 шаңырақ болады. Ақын Сара: «Жүз қырық үй Жағалбайлы кірме елсің», — деп растап береді. Төребайдың ақындық атағы 13 жасынан шығады. Ол Тезек сұлтаннан 1861 жылы Ниязбек деген ағайынын «ұры» деп ұстағаны үшін, жоқшы болып іздеп барып, тапқыр өлең арқауында құтқарған білік. Наймантай, Ешбай төрелерге «мен қазақ — ағашпын» деп, жоңқалауға дес бермеген алғыр. Үш жүзге мәлім Байқошқарұлы Түбек, Бабатайұлы Дулат ақындарға еріп, соларға шәкірт атанып, ел аралап, ән салып, сауық құрады. Түйе палуан Қожағұлұлы Біржан салдың тобына ерген асыл. Біржан салдың өнегесін, тәлімін алған тәлімгер. Ғұмырында Матай Толғанбай, Садыр Құл, Жалайыр Бақтыбай ақындармен дос, жақсы қарымқатынаста өскен жүйрік. Ел ортасында өжет, шешен, сыншы, әнші,  жыршы, ақын, күйші, қобызшы, ел арасындағы сарапшы би атанған қастерлі жан. Саяқбайұлы Мәулімбай ақын: «Елінен Жағалбайлы бұ да шыққан, Шешен боп, өтіп еді  Төребай да»,-дейді. Ел басқарған төрелерден Шыбынды қыстауын, Сарыноқай жайлауын билікпен кестіріп алған аршын. Жер, ел тарихын жақсы білген. Лепсі, Балқаш өңірін Жиделы — Байсынға теңеген. Төребай басқарып, қамқор болған отыз үй Жағалбайлы Жетісуда өсіп-өніп, жүз қырық түтінге жеткені мәлім. Төребай ақын Ақпанбай, Бәйімбет, Шүкей, Мәйке, Сара ақындармен айтысып жеңген дүлдүл. Төребайдың шығарған бірнеше күйлері болған. Соның ішіндегі «Опай-топай» күйі қолды болып, қазір «Бозінген» деп аталып, Т.Момбековтың күйі делініп жүр. Төребайдың «Опай-топай» атты күйі генерал Колпаковскийдің пәуескесіне жегетін үш боз атқа арнап шығарғаны екен. Күйді «Бозінген» дегізбей, «Опай-топай» деп атап, Төребай ақын иесіне қайтарса әділ болар еді. Себебі «Бозінген» күйінің әуезінде не ботаның, не түйенің жүрісі, бүлкілі, дыбысы жоқ. Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанында

Мырзағұлұлы Толғанбай ақынның «Көңіл» үлгісімен Төребай ақын төрт түрлі нұсқада «Жоқтау» шығарып арнайды. Оны «Айсараның зары» деп атаған екен. «Шоқанға» деген өлеңінде Төребай ақын: «Тегіңді айтып, түстеуге жасқанушы ек, Атын атап, келгенде мақтанушы ек. Ғылым, өнер сүрініп, ажал жеңді-ау, «Аужар», «Жоқтау» бір жылда                                   қатар келді-ау. Тәңірдің бұйрығына шара бар ма? Алты Алашқа өлімін қиын тиді-ау»,-дейді. Төребай ақын Шоқанның жаназасына қатысып, сүйегіне түскен, бірегей арда, таза жан. Төребай ақын Ибраһим Құнанбайұлын да көріп, араласқан тұлға. Абай қайтыс болғанында оған арнаған «Ыбрайға» деген өлеңінде: «Айрылдық дара туған данышпаннан, «Мыңмен жалғыз алысқан»                                   арыстаннан. Біз сорлы, кімге кінә таққандаймыз, Түк түспес қайғырғаннан,  қамыққаннан», — дейді. «Төребай мен Сара» айтысы. Айтыс мәтіні 1988 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Айтыс» жинағының екінші томынан орын алған. Жинаққа енген айтыс мәтінінің кей шумақтары алынып, өзгерген жерлері де бар. Мағынасы ретсіз өзгеріске түсіп, ұғымға келмейтін тұстары да кезігеді. Қаратай Биғожаұлы, ғалым Т.Сүлейменов елден жинап — теріп, ғылым академиясына өткізген қолжазбада «Төребай мен Сара» айтысының мәтіні толыққанды, түсінікті келеді. «Төребай мен Сара» айтысы 1900 жылы, қыркүйек айында, Тәнеке батырдың ұлы Қожабектің отауында өтеді. Төребай ақынның кіші қарындасы Ақданапия (Дәпи) Қожабек болыстың әйелі. Яғни, екі жақ Қыдыралы мен Жағалбайлы құдандалы. Ақданапия Нүсіпбекке босанып, шілде тойына Төребай ақынды Қожабектің ағасы Есімбек арнайы шақыртып алдыртады. Төребай бұл кезде 57 жаста. Үйсін мен Найман арасындағы араша би кезі. Төребай өзімен бірге туысы, атқосшы, өнерлі шәкірті Кебенекұлы Сейдахметті ерте келеді. Өйткені, 28 жасынан ел билігіне араласқан Төребай ақын «әуре, балпылдауым ұят» деп, ақындықты қойып кеткен екен. Төребай ақын «мені қинамаңдар» деп безеуреп, өлең айтуға қолқа салғанға көнбейді. Есімбек пен Қожабек айла-шараға басып, көршілес, Тасыбай елі, Ақешкіден ақын Сараны алдыртады. Ақын Сара 48 жаста. Ақын Сара Төребай ақынды «құда деп сендей қуды құрметтепті», «білместен қаңғыма Алшын келген шығар» деп шамына тиіп, өзімен айтысуға итермелейді. Шәкірті Сейдахмет «еруліге қарулы» деп Төребайды айтысуға көндіріп бағады. Сол кезден ел ішінде «Төребай мен Сараның әншілігі артық» деген сөз қалған. Төребай ақын «батасын Біржан салдың мен де алғанмын» деп бастап, «өзіңді Бекбайға қосып, бата беріп, білемін Біржан сені құтқарғанын» дей келе: «Дәл сені Маман, Толқын еткен мазақ, Көрсетпек болған саған түрліше азап. Ояз бен Біржан салдың достығынан, Сен болдың Жиенқұлдан мүлдем азат», — деп тоғытады. Төребаймен айтысқанда ақын Сара «жасым бар қырық сегіз, жылым сиыр» деп айтады. Бұл айтыста Төребай ақын Сексенбай батыр туралы дәл айтып, Сараны жеңеді. Есқожаұлы Төребай ақын 1911 жылы, қазан айында алпыс сегізге қараған жасында қыстауы Шыбындыда өмірден өтеді. Шыбындыдағы Бекей қорымына жерленеді. Төребай ақынның өмірі, қоғамдық қызметі, шығармалары мен зерттеуі тоқырап қалды. Бастамасын Қаратай Биғожин, Т.Сүлейменов жасаған еді. Фольклортанушы Кәдіржан Жексенұлы біраз Төребай ақын мұраларын жинады. Бірең-сараң деректер «Сегіз сері» атаулы әдеби еңбекте келтірілген. Төребай ақын туралы қомақты еңбек 2012 жылы Өкітай Ахметов пен Маралбек Мейірбеков шығарған «Алшын Төребай» кітабы ғана. «Төребай, Төлеу, Тезексіз, Толғанбай, Бодау, Түбексіз — бозбала қалай жетілер» демекші, жүздің бірі мақтаныш, мыңның бірі қуаныш, көпке жұбаныш жасап, Есқожаұлы Төребай ақынның 175 жылдығын «Рухани жаңғыру» барысында атаусыз қалмаса екен демекпін.

 Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: