Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына із қалдырса,-деген Абай атамыздың өлеңін оқысам, көз алдыма «Алаш» қайраткерлері елестейді. Елбасымыз Н.Назарбаев айтып өткендей, «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр. Биыл Тәуелсіздік алып, бейбіт өмір сүріп жатқанымызға 30 жыл толды.
Тәуелсіздігіміздің әрбір ірге тасында Алаш қайраткерлерінің де маңдай тері, ел болашағы үшін төккен қаны бар.
Тарихқа көз шалсақ, Патша үкіметіне қарсы шыққан Алаш қайраткерлері қазақтың тіліне, дініне, жеріне, болашағына байланысты алғашқы саяси тұжырымдамаларын қағазға түсіріп, өз ұсыныстарын білдірген. Олар қазаққа жерін қайтаруды, қоныс аударуды тоқтатуды, дінге еркіндік берілуін, іс-қағаздардың ана тілінде жүргізілуін, қазақ жерінде балалар өз тілінде білім алып, қазақ еліне өзін өзі билейтін мемлекеттік құрылым берілуін талап етті. 1913 жылы 2 -ақпанда Әлихан Бөкейхановтың ұйымдастыруымен алғашқы «Қазақ» газеті жарыққа шықты. Газетте рәміздік бейне ретінде киіз үй бейнеленген. Бұл қазақ ұлтының белгісін көресткен. Мен олардың таудай еңбектерінің бір ғана бөлігіне тоқталып отырмын. Барлық еңбектерін айтып жеткізу мүмкін емес. Артынан осындай із қалдырған Алаш қайраткерлерін өлді деуге болама?! Олардың қазақ үшін әрекетімен белсенділігі, еліне деген сүйіспеншілігі, ел алдындағы адалдық, тазалық, патроиттық қасиеттерімен таң қалдырды. Олар Ресей отарындағы қазақ ұлтының өз алдына автономия алуы жөнінде жандарын құрбандыққа шалды. Біз олардың еңбектерін ұмытпауға хақымыз жоқ. Олар өз ұлтының мақтаныштары.
Г.МАДЫҒАЛИЕВА,
Егінсу ауылдық кітапханасының кітапханашысы,
«Егінсу» БПҰ мүшесі.