Алғыс айту күні қарсаңында Ақсу ауданында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді

1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында Ақсу ауданында тағы бір қуанышты жаңалық орын алды. Н.Есеболатов ауылында дене шынықтыру залымен жапсарлас 180 орындық жаңа мәдениет үйі ел игілігіне берілді. Бұл нысан – ауыл тұрғындарының көптен күткен әлеуметтік-мәдени жобаларының бірі.
Жоба Ауыл – Ел бесігі бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, мердігер LEANQOR ЖШС тарапынан салынды. Заманауи талаптарға сай бой көтерген мәдениет үйінде көрермен залы, сахна, қосымша үйірме бөлмелері мен спорт зал қарастырылған. Бұл ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға және бұқаралық спортты жандандыруға тың серпін береді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы, аудан әкімі Берік Тынышбайұлы қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады. Өз сөздерінде олар мемлекет тарапынан ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Шараға ардагерлер, ауыл ақсақалдары, мекеме және бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, жастар мен ауыл тұрғындары қатысты. Ашылу салтанатында ұлттық дәстүрге сай лента қиылып, өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды.

Жиында сөз алған ауыл тұрғыны Сағымбаев Молдахмет ақсақал:
«Бұл – ауылымыз үшін үлкен қуаныш. Балаларымыз өнермен де, спортпен де еркін айналысатын болды. Осындай игі істің Алғыс айту күні ашылуы – ерекше мәнге ие. Ризашылығымызды білдіреміз», – деп шынайы алғысын жеткізді.

Жаңа мәдениет үйі – ауыл өмірінің рухани өзегіне айналатын маңызды орталық. Мұнда түрлі мерекелік іс-шаралар, қоғамдық жиындар, жастар форумдары, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырылмақ. Бұл – елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған нақты қадам әрі тұрғындардың өмір сапасын арттыруға жасалған игі іс.

Алғыс айту күні құтты болсын!

Мәліметпен бөлісу: