
Шын көңілден бір адамға алғыс айту — бұл үлкен адамгершіліктің белгісі. 1 наурыз — Алғыс айту күніне орай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Алтынбеков Асқар Жанайбекұлы алдымен керемет жұмыстары үшін өзінің ұжымына алғысын білдірді.
— Мен өмірімде көп нәрсені көрдім, бірақ ұзақ уақыт бойы мұндай айқын, үйлесімді және сапалы жұмысты көрмедім. Қазіргі уақытта өз жұмысына жауапкершілікпен қарауға, ешнәрсені кейінге қалдырмауға және оны өз деңгейінде орындауға дайын адамдар өте аз. Біздің мекеме сондықтан да халыққа қызмет көрсету орталығы болып аталады. Ауданымыздағы қырық мың халыққа қызмет көрсетіп, олардың көңілінен шығу оңай жұмыс емес. Сондықтан өзімнің ұжымыма бірінші алғысымды айтамын дейді бөлім басшысы.
Сондай — ақ, дәл осы күні халыққа қызмет көрсету орталығына келген тұтынушыларға да мекеменің қызметін пайдаланғандары үшін алғыс айтып, арнай құттықтау тілек жазылған Алғыс хатпен бірге бір — бір тәтті таратылды.
Иә адам өз ісіне қанағаттанып, сүйсінген кезде ризашылық сезімге бөденеді. Адамның басқа адамға жасаған жақсылығына ризашылық білдіру — бұл алғыс. Алғыс сол адамның ойы мен іс — әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беруінен туындайды.
Ендеше, бұл мекеме басшысының өзінің ұжымына, атқарған қызметтеріне жоғары баға беруі деп топшаладық.
Топшаладық дегенім менің дұрыс баға бермеуім шығар. Осындай өзінің әріптестеріне ризашылығын білдірген басшы — нағыз әділетті басшы екенін дәлелдеді,-деп айтсам артық болмас.
Ербол СЫМХАНОВ.