
Алакөл ауданының Ақши ауылында «Спорт — діни экстремизм мен терроризмге қарсы» ұранымен «Алакөл — 2025» облыстық жазғы спартакиадасы өз мәресіне жетті.
Жетісу облысы көлемінде өткізілген дәстүрлі спорттық шара — бұқаралық спортты дамытуға, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, сондай-ақ өңір туризмнің әлеуетін танытуға бағытталған.

Ақши ауылында екі күнге созылған спартакиадада 400-ге жуық спортшы жағажай волейболы, шағын футбол, үстел теннисі, арқан тарту сынды спорт түрлері бойынша өзара бақ сынады.

Айта кетсек, жарыстың басты ерекшелігі — әр спорт жарысының табиғат аясында ұйымдастырылуы. Сондықтан да қатысушылар үшін спартакиада тек жарыс қана емес, ерекші атмосфераға толы спорттық мерекеге айналды.

Жарыс қорытындысы бойынша Талдықорған қаласының командасы жеңімпаз атанды. Алакөл ауданының командасы жүлделі ІІ орынға табан тіресе, жүлделі ІІІ орынға Кербұлақ ауданының командасы орнықты.
Алуа Бауыржанқызы
