
Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп бара жатқанын айтып, «Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек», – деп елімізде АЭС салу бойынша 6 қазан күні жалпыұлттық референдум өткізу туралы шешім қабылдаған болатын.
Осы мақсатта облыстық мәслихаттың қолдауымен Ақсу ауданындағы АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері, мәслихат депутаттары Ядролық физика институты қызметкерлерімен кездесіп, институт жұмысымен таныстық.
Кездесуде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты халық арасында сұрақтар туындағанын айтып, өз сауалдарымызды қойдық.
Біздің сұрақтарға мамандар толық әрі түсінікті жауаптар қайтарды.
Халықтың қорқатыны жарылыс – десек, бұл бейбіт атом электр стансасы жобасы ең қауіпсіз. Бұл жерде АЭС реакторы сумен жұмыс істейді, нақты айтсақ, ысытылған су турбиналарды айналдыру арқылы қуат көзін өндіреді. Сонымен қатар, реакторды сумен салқындатады екен.
Сондай – ақ бұл жерде электр қуатымен елімізді толық қамтамасыз етсе, әр түрлі онкологиялық дәрілер мен өндірістік материалдар шығарылады. Яғни, ел дамуына қосар үлесі мол.
Марат ЕСТІБАЕВ,
аудандық мәслихат депутаты.