АЭС: сенімді энергия көзі

Атом энергетикасы төңірегінде алыпқашпа әңгіме де, нақты дәйекке негізделген тұжырым да алды-артымызды орап тұр. Арасынан ақиқатын ашып алу оңайға сірә, соқпайды. «World Nuclear News» (Дүниежүзілік ядролық қауымдастық) мәліметі бойынша, 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың қаңтары аралығында Франция, Германия, Жапония, Польша, Оңтүстік Корея, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ-та 13 500 адамға онлайн-сұрау жүргізілген. Бәрі де атом энергетикасын айрықша қолдаған, әсіресе Польша, Франция, Швециядағы қолдау көрсеткіші өте жоғары болыпты.

Инфографикаларды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Таяуда «Financial Times» басылымы әлемнің ірі банктерінің ядролық энергетиканы қолдағаны туралы ақпаратты жария етті. Басылымның хабарлауынша, 14 ірі әлемдік банк пен қаржылық мекеме ядролық энергетикаға көрсететін қолдауларын арттыруға уәде беріп отыр. Бұл қадам атом электр стан­саларының жаңа толқы­нын қар­жыландыруға жол ашпақ делі­неді мақалада. Нақтылап айтқанда, «Bank of America», «Barclays», «BNP Paribas», «Citi», «Morgan Stanley», «Goldman Sachs» 2050 жылға дейін әлемдік ядролық энергетика қуатын үш еселеуге уағдаласқан. Мұндай мақсат алғаш рет COP28 (БҰҰ-ның климат өзгерісі бойынша конференциясы) климаттық келіссөзінде айтылып, міндеттелді.

Қаржы ұйымдары нақты қан­дай қолдау көрсететінін мәлімдей қоймаған, сарапшылардың айтуын­ша, олардың осылай ауызша жария­лауының өзі төмен көміртекті энер­гетикаға көшуде сектордың (қаржы секторының – ред.) маңызды рөл ойнайтынын аңғартады.

Шыны керек, ядролық жоба­лардың тым күрделі һәм қымбат болуы әлемде жаңа электр стан­саларының құрылысын бастауға кедергі болып келді. Сөйтіп, өткен ғасырдың 70-80-жылдарында Батыс елдерінде бірқатар реактор салынғаннан кейінгі қарқын бір­шама баяулап қалды. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың басқар­ма мүшесі Джордж Боровастың сөзінше, бұл жағдай ойын тәртібін өзгертеді.

Осыған дейін банктерге саяси тұрғыдан жаңа ядролық жоба­­ларға қолдау көрсету қиынға соғып келді. Оның үстіне тәуе­кел деңгейі тым жоғары болған­дық­тан, ядролық жобаларды қар­жыландыруға жүрексінетін. Енді олар ядролық компанияларға жобалық қаржыландыру беру, тікелей несиелеуді арттыру, облигация сатылымын ұйымдастыру, компанияларға жеке капиталға немесе несие қорларына қолже­тімді ету арқылы көмектесе алады. «BNP Paribas»-тың мәлімдеуінше, әлем елдері ядролық энергетиканы пайдаланбай көміртегі бейтараптығына қолжеткізе алмайды.

«Әлемдегі соңғы жаңа атом электр стансаларының көбі Қытай, Таяу Шығыс және Азияда салынды. Дамыған елдердің үкіметтері атом энергиясы нөлдік шығарынды­­лар бойынша міндеттеменің ше­шімі болуы мүмкін деп мәлімдей бастады. АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Швеция, Біріккен Араб Әмірліктері COP28-дің қуатты үш еселеу туралы міндеттемесіне қол қойғандардың қатарында болды. Ядролық энергетика Big Tech тарапынан да қолдау тапты. Big Tech ядролық энергия көзін деректерді өңдеу орталығын қуаттандырудағы ең төмен көміртекті шешім деп қарастырып отыр. Жұма күні «Microsoft» Пенсильваниядағы Три-Майл-Айленд АЭС-індегі 835 мегаваттық ядролық реакторды қайта іске қосу туралы «Constellation Energy»-мен 20 жылдық келісімге келгендерін мәлімдеді. Бұл реактор пайдаланудан шығарылудың аз-ақ алдында тұрған-ды», деп жазады «Financial Times».

ап

Айтып-айтпай не керек, АЭС дүбірі бізге де жетті. Алда маңызды кезең – жалпыхалықтық референдум күтіп тұр. Ядролық физика институты бас инженердің орынбасары Асхат Бекбаевтың айтуынша, бейбіт атом – ел экономикасының өсіміне оң әсер тигізетін сенімді және тұрақты энергия көзі.

«Өнеркәсіп дамып, жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың әл-ауқаты артады. АЭС құрылысы жүретін өлкенің инфрақұрылымы жетіліп, аймаққа мультиплика­тив­ті әсерін береді. Экология­лық тұрғыдан да пайдасы көп. Атом энергетикасы төмен көміртекті болғандықтан, ауаға парниктік газдар тарамайды. Сонымен қатар атом энергиясы қазба байлықты тұтыну көлемін қысқартып, табиғи ресурстарды сақтауға мүмкіндік береді. АЭС-тің пайдалануға берілуі елдегі ядролық технологияның дамуына да серпін сыйлайды. Соның нәтижесінде көмірсутегі экспортына деген тәуелділікті төмендетіп, елдің энергетикалық тепе-теңдігін әрта­раптандыра аламыз», дейді маман.

Сарапшы сөзінше, қазір ел экономикасының жылдық өсімі электр энергиясын одан әрі қажет ете түсіп отыр.

«Ядролық технология тек электр энергиясын өндіріп қоймай, медицина, ауыл шаруашылығы және су тұшытуда да қолданылады. Еліміз болашақта атом энергетикасы саласындағы халықаралық жобалардың белсенді қатысушысы бола алады, бұл инвестиция мен технология тартуға мүмкіндік береді. Бізде уран қорының мол болуы да – атом саласындағы ерекше артықшылық. Бірақ бұл стратегиялық маңызды нарықта көшбасшылықты сақтауға ресурс­тарға қол жеткізу ғана емес, білікті кадр да қажет. Сондықтан атом саласында кадрлық әлеуетті дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды», дейді Асхат Бекбаев.

Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығының төрағасы Алдияр Тоқтаровтың пікірінше, АЭС-те апат туады деп алаңдауға негіз жоқ.

«Егер құрылыс Балқаш маңында жүргізілсе, АЭС-тегі су тұйық контурда болады, белсенді аймақпен араласуға түспейді. Семей, Черно­быль, Три-Майл-Айленд, Фуку­симада апаттар болды, бірақ ол кездегі реакторлар енді ешқашан салынбайды. АЭС құрылысы қымбат болып көрінуі мүмкін, алайда келешекті ойлайтын болсақ, бұл – ақылға сыйымды инвестиция. Көмір және газбен салыстырғанда АЭС-ке қажетті отын құны әлдеқайда төмен және тұрақты. Пайдалану уақы­ты 80 жылға дейін бара алады. Фран­цияда АЭС энергияның 70 пайы­зын өндіреді және бүкіл ЕО бойын­ша сол елде ең төмен тариф тіркеліп отыр», дейді Алдияр Тоқтаров.

ап

Айтуынша, АЭС салуға итер­мелейтін басты себеп – энергия тапшылығы.

«Foratom зерттеуіне қарасақ, атом өнеркәсібі Еуропа экономикасына айтарлықтай әсер етті: 1,1 млн жұмыс орнын құруға ықпал етіп, ЕО ішкі жалпы өнімінде (ІЖӨ) 507 млрд еуро үлеске жетіп, 124 млрд еуро мемлекеттік кіріс түсірді. Сонымен бірге үй шаруашылығының кірі­сіне 383 млрд еуро қосылып, ЕО экономикасында 18,1 млрд еуро сауда профициті қалыптасты. Күн және жел энергетикасымен салыстырғанда бұл цифрлар әлдеқайда жоғары. Жел энергиясы Еуропада 250 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, ІЖӨ-де 36,1 млрд еуроға жетті. Ал күн энергиясы 80 мыңнан астам жұмыс орны­ның ашылуына сеп болды. 2050 жыл­ға таман атом өнеркәсібі 1,3 млн жұ­мыс орнын құрып, қосымша жиын­тық мемлекеттік кірісті 110 млрд еуро­ға жеткізуі мүмкін. Бұл ретте мен жаңғырмалы энергия көздеріне қар­сы емеспін, барлық энергия көзін қатар дамытқан дұрыс», дейді.

Сарапшы сөзінше, атом беретін энергия құны ұзақмерзімді келешекте төмен болып қалады.

«Жаңғырмалы энергия көздері ауа райы жағдайына тәуелді әрі резервтік қуат пен сақтау жүйесіне көп қаржыны қажет етеді. АЭС тәулік бойы, кез келген ауа райы жағдайында жұмыс істей алады. «Қазатомпромның» коммерция­лық блогінің бұрынғы қызмет­­кері ретінде айтарым, АЭС-ке жет­кізілетін отынға қатысты келісім­шарт ұзақмерзімді кезеңде нақты белгіленеді. Сонымен қатар АЭС-ті пайдалану және қызмет көрсету шығынын салыстырар болсақ, қызық жағдайға куә боламыз – көмір және газбен салыстырған­да ұзақ­мерзімді кезеңде ядролық энерге­тиканың шығыны аз», дейді.

Маман АЭС отынын пайдалану үдерісін де талдап, көп жұрт айтып жүргендей, оның қауіпті емес екенін түсіндіреді.

«Кейбіреулер жалған деректерге сүйеніп, жаңа отынды құю радиацияның кенеттен бөлінуіне себеп болады деп айтып жатады. Отын құрамындағы екі уран изотоптарының альфа-сәулеленуі, сондай-ақ олардың қысқамерзімді еншілес нуклидтерінің әлсіз бета және гамма-сәулеленуі қоршаған ортаға тигізетін әсерді жоя отырып, қаптамаға толығымен дерлік сіңеді. Мен байытылған ураннан алынған таблетканы ұстап көрдім. Егер жұтып қоймасаң, оның түк зияны жоқ. Пайдаланылған отын өз кезегінде екі бағытқа кетеді – не арнайы дайындалған орындарда сақталады, не салқындағаннан кейін қайта өңдеуге жіберіледі, кейін одан реакторға арнап тағы да отын өндіріледі. Елімізде БН-у350 реакторы жұмыс істеді. Одан өзіне жүктелгеннен де көп отын шыққан. Таза алхимия», дейді.

Экономист Ғалымжан Айтқазин жетекшілік ететін «Tengenomika» арнасының жазуынша, АЭС оңай игеретін жоба емес, сол себепті барлық тәуекелі ескерілуге тиіс.

па

«Біріншіден, АЭС құрылысы арзанға шықпайды, ол ертеңгі күні бюджетке ауыр жүктеме түсіруі мүмкін. Референдум қорытындысы оң болған жағдайда максималды ашықтыққа негізделген қаржы­ландыру схемасын жасау қажет. Бұл жемқорлық факторын мейлін­ше жұмсартады және қажетті қаржы­ландыруды қамтамасыз етеді. Екін­шіден, жеткізушіні таңдау мейлінше ашық және барлық экономика­­лық, саяси, әлеуметтік факторды ес­керіп жүзеге асуға тиіс. Атом электр генерациясы – пайдалану мерзімі тұрғысынан да, төмен көміртекті болуы тұрғысынан да барынша оңтай­лы және ұзақмерзімді шешім болып көрінеді», дейді сарапшы.

Қазірдің өзінде АЭС мердігер­лері – әлеуетті компаниялар бел­гілі секілді. Олар – KHNP (Оңтүс­тік Корея), EDF (Франция), «GE-Hitachi», «NuScale» (АҚШ) және «Росатом» (Ресей). 

Мәліметпен бөлісу: