Қоғамда қызу талқыланып, үлкен пікірталас тудырып жатқан елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум енді бір аптадан кейін өтеді.
Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі бір жылдан бері қозғалып, біздің қоғамда көптеген пікірталас тудыруда. Біреулер жақтаса, енді біреулер қарсы пікірлер айтып жатыр. Менің журналист ретінде айтатын өз ойым:
Егер елімізде АЭС салынып жатса, бәрі энергетиктер болмаса да қаншама адам қызмет атқаратын болады, яғни жұмыспен қамтылады. Оны салуға 10 жыл кетеді. Осы 10 жыл ішінде Қазақстанның техникалық университеттері өздерінің білім беру бағдарламаларын қайта қарастырып, қажетті мамандарды дайындап шығарады деген сенімдемін.
Бейбіт атом энергетикасының әлеуетін пайдалану біздің елімізде ұлттық экономиканың жаңа жоғары технологиялық секторын құруға мүмкіндік береді. АЭС — жасыл энергетика. АЭС салу еліміздегі энергия тапшылығын жойып, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету екенін түсіну маңызды. Ауыл тұрғындары тарапынан «АЭС ке тірелмей, энергиямен қамтудың басқа жолдары неге қарастырылмайды?» деген пікірлер айтылуда. Қазақстанда бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Жасыл энергетиканы дамыту үшін, энергия тапшылығын азайту үшін қазіргі күні біздің елімізде жаңартылған баламалы энергия көздері нысандары көптеп салынып жатыр. Өзіміздің Таусамалы ауылындағы су электр стансасы шығарып отырған тоқ көзі ауданымызға жетпейді. Сонымен қатар, алдағы жылдары аудан алыбы Ақсу қант зауытына газ келетін болса, қысы – жазы жұмыс жасап, ауылды жылумен қамтыйды және тоқ көзін шығаруға мүмкіндігі болады деген сенімдеміз. Алайда оның барлығы АЭС — ті алмастыра алмайтынын түсінуіміз керек.
АЭС салу экономикалық, экологиялық жағынан алсақ та өте тиімді. Себебі, бір станция салсақ біз бір жылдың ішінде ауаға шығарылатын көмір қышқыл газын 10 млн ға дейін азайтады екенбіз.
Алматыдағы ядролық физика институтында шағын реактор жұмыс істеп тұр. Ол ғылыми зерттеу жұмыстарында, медицина саласында пайдаланылып жатыр. Ал үлкен АЭС — ел дамуының кепілі.
Дүйсен МҰХАМЕТШАРҰЛЫ,
Ақсу ауданының «Құрметті азаматы», ардагер журналист. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.