АЭС деген – заманауи медицина

Санаулы күндерден кейін елімізде референдум өткелі жатыр. Референдумда көтерілетін мәселе, яғни халықтың таңдауы елімізде болашақта салынатын атом электр стансасын салуды не қолдаймын, не қолдамаймын деген екі сұрақ төңірегінде болады. Бізде АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіжақты көзқарас аз емес. Дегенмен соңғы уақытта қолдаушылар қатары көбейіп келеді.

АЭС-ті салу елдегі экономиканың дамуы мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына әкелетін біздің болашағымыз. Бұл – болашақтағы біздің энергия, жылу, су. Жасыратын несі бар, көпшіліктің қорқатыны ол жарылыс қаупі. Алдымен ойымызға Семей полигоны, Жапониядағы Хиросимо – Нагасаки сынақтары мен Чернобьл апаты келеді.

Мен өзім 2014 жылы Жапонияда он күн болдым. Дәл сол жарылыс болған Нагасакиге бардым. Сол жердің барлығын аралап, көзіммен көріп, тарихын тексеріп шықтым. Семейде де болдым. Ол сынақ, әдейі жарылған бомба. Ал Чернобьлдегі апат атом электр стансасында болған әрине, бірақ атомның әсерінен емес адам факторының, ғалымдардың араласуымен болған жағдай. Ол кезде бүгінгідей емес басқа ескі модельдегі стаса болған. Қазіргі салғалы жатқан АЭС тің айырмашылығы одан мың есе артық. Мұнда барлық қауіпсіздік есептелген. Бұл атом бомбасын шығаратын жер емес бейбіт атом энергиясы. Қазақстанда жаңа буын III немесе III + атом электр станцияларын салу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Сондықтан да қауіпсіздік бойынша үрейленуге негіз жоқ деуге болады. Бұл жерде тек ұқыптылық қана қажет. Қалдықтарды сақтаудағы қауіпсіздік қана ойландыруы ықтимал. Бірақ ол жерлерде де нағыз мамандар жұмыс жасап, қалдықтар сырқа шықпайтындай арнайы әскери күзет болатыны сөзсіз.

Қалай айтсақ та қазіргі күні экономиканы алға қарай жылжыту үшін бар мәселе электр қуатына байланысты болып тұрғанына халықтың көзі жетіп отыр. Бұл жерде тек энергия ғана емес медицинаның дамуына баса назар аударылады. Біз экономикасы қуатты, заманауи медицинасы бар, дамыған елде тұруды қаласақ онда елімізде АЭС салуды қолдауымыз қажет. Мен өзім медицина саласының ардагері ретінде қолдаймын.

Әшімғали ЖҰМАГЕЛДИН,

Ақсу ауданының «Құрметті азаматы», ардагер дәрігер.

Мәліметпен бөлісу: