Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының «Жеті рухани қазық» тұғырнамасында мұсылманның тұлабойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты ұсынды. Атап айтқанда, имандылық, отаншылдық, білімділік, бірлік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік негізін ұстану. Осы жеті сипаттың бірі – еңбекқорлық.
Адам баласы өмір сүру үшін жанмен тәннен тұратындықтан аздаған болса да тіршілікке керекті мал-мүліктің қажеттілігі анық. Алайда, бұл нығметке жету жолында шариғат көрсеткен жолдан шықпастан, адалдықты ту етіп, ешкімге зияынын тигізбей жетуі керек. Ең бастысы – адам бойында имандылық пен ынсап болуы керек. Саналы ғұмырында адал жолмен мал табу, қоғамға, Отанға адал қызмет ету — Алла Тағаланың адам баласына жүктеген міндеттерінің бірі.
Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда «Бақара» сүресі, 168-аятында.: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!»
Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде:
«Қара жұмыстан қолы күстеніп немесе шаршап-шалдығып келіп ұйқыға бас қойған адам кешірімге ие болып, күнәларынан арылады».
«Бала-шағасын адалынан асырауға тырысып жүрген жан Алла жолында күресушімен тең. Ар-ұятын сақтап, адал дүниені іздегендер шейіттермен деңгейлес» екенін айтып, еңбек етуге, адал несібе іздеуге шақырған.
Расулалла (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір жолы Сағыд ибн Муазды ﴾Алла ол кісіге разы болсын) кезіктіреді. Екеуі қол алысып амандасқанда, сахабасының қолы күстеніп кеткені байқалады. Себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз ﴾р.а. отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның жауабына сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деп айтты.
Дінімізде дені сау пенденің қол қусырып, қайыр тілеп өмір сүруі – нағыз ұят іс. Әбу Сайид ибн Мәлик — 13 жасында әкесімен бірге Ухуд шайқасына қатысқан сахаба (Ол кісіге Алла разы болсын!). Сол соғысты әкесі шейіт болады да, отбасының бүкіл ауыртпашылығы жап-жас Әбу Сайидтың мойнына түседі. Кедейлікті бастан кешіреді.
Сонда үйіндегілер: «Бар да, Алла елшісінен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір нәрсе сұрап кел! Жұрттың бәрі сұрап жатыр ғой» деген шағым мәндес сөз айтады. Алғашында барғысы келмейді. Бірақ жағдай қысып бара жатқан соң, не де болса, барып жолығуға бел байлайды. Құдайдың құдіретін қараңыз, Расулулланың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасына барып қалса, ол халыққа мына сөзді айтып тұр екен:
«Көңілін тоқ тұтқан және ар-намысты жоғары ұстаған кісілерді Алла Тағала өзге жұрттан бай етеді» Осы сөзді естіген Әбу Сайид тілегін Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтпай-ақ үйіне қайтып кетеді. Содан кейінгі жағдайды өз аузымен былай деп жеткізген: «Алла елшісінен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ештеңе сұрамай үйге қайтқан күні Алла бізге рызық-несібесін жіберді. Содан былай ісімізге береке дарығаны сонша Ансарлардың арасында бізден бай ешкім болмады…»
Лұқпан хакім өз баласына мынандай өсиет қалдырған: «Ұлым, адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады:
Біріншіден, дінін әлсіретеді: яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниеттерге жетелейді.
Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады.
Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады».
Әрбір мұсылман еңбек етіп, малды, жанды болуға құқылы. Кейбір бауырларымыздың кедей, жоқшылықта болуының себебін тек Алла ғана кінәлі деп қарайтындар бар. Бұл жайлы Хакім Абай былай дейді:
– ,,,Міне, біздің қазақтың көбінің сөзі осылай келеді. Бұл – зор адасқандық. Жас шағынан жалқаулыққа салынып алады да, талап қылып, талпынып, алысқа барып еңбек қылып мал таппайды. Сол жалқаудың қырсығынан өз еңбегін өзі бағаламай, малды жақсы көретін малқұмар адамға жалданады. Мұндай адамдар ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды, жоқшылықтан арылмайды. Ол жоқшылықты, кедейлікті Құдайдан көреді. Құдай оған еңбек қып, мал таппа деп пе, -деген. Яғни, жастық шақтан бастап бар күш-жігерді ілімге, пайдалы мамандықтарға жұмсау керек екенін жеткізген.
Пайғамбарымыз: (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамына көңіл бөлмейтін болады», – деп мұңайған еді. Соңғы уақыттарда кейбір бауырларымыздың күн көріс қамы деп еңбектің адал арамына көңіл бөлмейтіндер кезігеді. Хадистерде мұндай адамның дұғасы, амалдары қабыл болмайтынын айтқан.
Жаратушы Алла ешкімге мұқтаж етпей, адал еңбек жасайтын күш қуат бергей!
АҚСУ АУДАНДЫҚ МЕШІТІ.