Абай жазған Заң

Абай атамыз тек қана ақын емес, халқымыздың ғұлама да­нышпаны. Қазақ сондықтан «Абай дана» деп атап кеткен. «1885 жылдары Қарамола деген жерде қазіргі Шар қаласының (Жар­ма ауданы) маңайында билердің съезі өткен. Оларды шұғыл түрде шақыртқан. Себебі, сол кезде ел арасында әртүрлі істерге қатысты дау-дамай көбейіп кетеді.

Патшалы Ресейдің жергілікті жердегі билігі «ресейлік заңдарға әрі қазақтардың тұрмыс- тіршілігі мен билер сотына қайшы келмейтін заң керек»,-деген шешім шығарады. Сол кездегі өңір басшыларымен сөйлескен кезде Абай Құнанбаев та осы ұсынысты қолдайды. Бұл съезге келген билер Абайды «Төбе би» сайлаған.

«Сондықтан патшалы Ресейдің басшылары Абайға «бұл заңды өзіңіз жасаңыз»,-дейді. Сөйтіп, Абай Құнанбаев 74 баптан тұратын заңды, яғни, Қарамола жарғысын жазып шығады. Бірақ оны Абай жалғыз өзі жазбаған. Ол съезге жиналған билермен кейбір баптарға байланысты пікір алмасты деген деректер бар. 3 күн өткен съезде жарғы билерге таныстырлып, заң қабылданды», — дейді «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық – мұражайының директорының орынбасары Мейрамгүл Қайранбаева.

1886 жылы Семей қаласының генерал — губернаторы Шиклинскийдің арнайы тапсырысымен «Қарамола жарғысы» сол кездегі Қазан император университетінің баспаханасынан кітапша болып басылған. Кітапша кейін билерге таратылған көрінеді. Қорық — мұражай директорының орынбасары Мейрамгүл Қайранбаева «1986 жылы бұл университетке барған ғалымдардың есебінен заң жазылған кітапшаның нөмірін алып, сол бойынша іздедік. Осылайша, жарғы жазылған кітапты таптық», — дейді. Біздің ауда­нымызда жаңа Конституцияны жазған Барлыбек бабамыз болса, Абай атамыз да осы салада көп еңбектенгені осыдан көрініп тұр. Мейрамгүл Қайранбаеваның айтуынша «Қарамола жарғысы» жазылған кітапша Қазақстанның архивтері мен кітапханаларында сақталмағанын айтады. Осы күнге дейін қазақ ғалымдары Қазаннан бұл кітапшаның көшірмесін ғана әкеліп, сол бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіпті.

Қорық — мұражайының директордың орынбасары бұл жарғы қазақ даласындағы түрлі тәртіп бұзушылықтарды реттеуге мүмкіндік бергенін айтады. Бұл Заң туралы естеліктер мен зерт­теу жұмыстары көп жазылған, алайда онда қанша бап болғаны жайлы нақты мәлімет жоқ екен. Өткен айда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы Жарлыққа қол қойды. Ендеше, бұл зерттеу жұмысы әлі де жалғасын тауып, біздің кітапханаларымызға түпнұсқасы болмаса да қайта көшіріліп басылған заң келіп түсер деген үміттеміз. Себебі, бұл — Абай атамызды зерттеу, Абай атамызды тану деп білеміз. Абай Құнанбаевтың ақындығынан, оның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтудан бөлек басқа да қырлары бар екенін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс — деп ойлаймыз.

Біздің кітапханамыз Қарашілік ауылдық округінің орталығы Сағабүйен ауылындағы Рақым Тәжібаев атындағы мәдениет үйінде орналасқан. Кітапханамыз таза, жылы. Оқырмандарымыз қысы — жазы оқырмандар залында өздерінің білімдерін жетілдіріп, өздеріне керекті деректер алып отырады. Биыл «Абайтану» бұрышы ашылып, бабамыздың мерейтойы қарсаңында көптеген жұмыстар қолға алынуда.

Раиса МҰРАТОВА,

Сағабүйен ауылдық кітапханасының кітапханашысы.

Мәліметпен бөлісу: