«АБАЙ АТЫНДАҒЫ КӨРКЕМ СӨЗ ОҚУ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ» АУДАНДЫҚ БАЙҚАУЫ

Биылғы жыл ауданымыз үшін үлкен сынға түсетін, бірақ жоғары мәртебеге жеткізетін Қазақ поэзиясының құлагері Ілияс атамыздың 125 жылдық мерей тойы. Осы атаулы шара қарсаңында ауданымызда түрлі іс – шаралар қолға алынуда. Ілияс атамызбен қатар халқымыздың қайраткерлері болып, еліміздің еңсесін көтеру мақсатында еңбек еткен Қазақтың үш бәйтерегі, үш діңгегі —  І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин дердің есімдері де бізге жақын. Олардың бір заманның өкілі екені анық. Қазақ халқы «Үш бәйтерек» деп атап кеткен Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин қазақ әдебиетіне айтулы ақын, қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде үлкен үлес қосты. Олардың қаламынан Қазақстанның дархан даласы, өндіріс орындары мен еңбек адамдарының іс-әрекеттері, өмірге деген құштарлықтары, болашаққа үміт-сенімдері кеңінен көрінеді. «Үш бәйтерек» ұлттық сөз өнерін азаматтық бейне, беделімен де, қайраткер, қаламгерлігімен де биік белеске көтерді.

Ұлт руханиятын даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты. Әдебиеттің «Үш бәйтерегі» өмірдегі өрнекті өнегелерімен халық жүрегінде жол тапты.  Маусым айының 21 күні аудан орталығындағы «Қобызшы Молықбай» атындағы мәдениет үйінде жерлес сазгер ағамыз Мұратқан Егінбаев айтқандай «Қазақтың ірілері, Абайдың інілеріне» арналған «Абай атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің» аудандық байқауы өткізілді. Бұл Байқау облыстық «Абай оқуларының» іріктеуі десек болады. Байқауға ауданымыздағы ауылдық округтерден үміткерлер қатынасты. Байқау екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезең – Б.Майлиннің, С.Сейфулиннің 125 жылдығына орай аталған қаламгерлердің шығармаларынан және қазақ әдебиетіндегі көрнекті прозалық шығармаларынан үзінді оқу. Екінші кезең бойынша – Сәбит Дөнентаевтың, І.Жансүгіровтың 125 жылдық және Ф.Оңғарсынованың 80 жылдығына орай поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу.

Нәтижесінде Жансүгіров ауылы атынан қатысқан Ілияс Нұрланбек  Бас жүлдені иеленіп, облыстық байқауға жолдама алды. Жүлделі І орынды Ойтоған ауылынан қатынасқан жас өнерпазымыз Дана Тұрсын өзінің оқу шеберлігімен және шарт бойынша барлық номинациялардан дайындығы бар екенін көрсетіп аса басымдықпен жеңіп алды. ІІ орынды да жас өнерпазымыз қызылағаштық Сындарай Саттар, ІІІ орынды Қаракөз ауылынан Назерке Есімова қанжығаларына байлады. Егінсу ауылынан қатысқан Дияна Құрманбек өзінің әдемі дауысымен, шеберлігімен көрермендердің де қазылардың да көңілінен шығып, «Сахна шебері» номинациясын жеңіп алса, дәл осындай ару қызымыз Суықсай ауылынан қатынасқан Айым Бейсенова «Көркем сөз шебері» номинациясын иеленді. Сондай – ақ Ақсу ауылынан   Нұрланбек Мәсіқұт және арасандық Марлина Мұхамет көрермендер көзайымына айналып ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Ербол СЫМХАНОВ, қазылар алқасының мүшесі

Ербол СЫМХАНОВ, қазылар алқасының мүшесі

Мәліметпен бөлісу: