АҚЫН ӨТТІ ӨМІРДЕН, АҚЫН ӨТТІ…

Алдымда Құлагердей бүкіл еңсең,

Тұратын жыр бәйгесін күтіп өңшең.

Қазақтың маңдайына өлең бітсе,

Өлеңнің маңдайына бітіп ең Сен! Ілияс Жансүгіровке қатысты қандай да бір жиын өтсе де осы өлең жолдары айтылмай қалған емес. Ал, осы жолдардың авторы кім екенін екінің бірі біле бермейді. Тұрсынзада Есімжанов ағамыз дүниеден қайтты деген хабарды естіген сәтте ең алдымен осы шумақтар өзінен өзі тіліме орала берді. Ілияс Жансүгіровті ең алғаш рет «Жыр Құлагері» деп атаған да Тұрсынзада ағамыз еді.

Оралып аяғыңа дала гүлі,

Еліңнің қол соққанда бар ауылы,

Ат басын аңырата жіберіп ең,

Мерт етті Батыраштың қарауылы…,- деп жоқтаған да артындағы ақын інісі Тұрсынзада Есімжанов болатын.

Бүкіл Матай еліне ұран болған Бөрібай батырдың Есенгелді баласынан тараған тікелей ұрпағы Тұрсынзада ағамыз өр келбетті, асқақ мінезді нағыз батыр тұлғалы азамат еді. Достыққа адал, сертіне берік азаматтың бір мәрттігі 1984 жылы әдебиет саласындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығына Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Тұрсынзада Есімжанов үшеуі қатар ұсынылғанда: «Мен өлген адаммен жарысқа түспеймін, тек тірілермен тайталасамын, сыйлыққа Мұқағали лайық» деп досының пайдасына бас тартқан екен. Бірақ сыйлық Мұқағалиға бұйырмай Фаризаның қанжығасында кетті. Қазақтың маңдайына біткен үш ақынын таластырып қойған билікке не дерсің. Былтырдан бері ел болып ескерткішін тұрғызамыз деп жүрген Түймебасты да

«Таппайтын осы күй толас,

Той сайын топыр жарысып.

Шығандап қайран Түймебас,

Шығатын еді ау қара үзіп.» — деп ең алғаш жырлаған да Тұрсынзада ағамыз еді.

Тұрсынзада ағамыз 1941 жылы 21 қаңтарда Алматы облысының Ақсу ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. Мектеп жасынан алғашқы өлеңдерімен көзге түскен. «Өмір нұры» газетінде редактор болған. Алғашқы өлеңдері мен американдық ақын Эдгар По, Пушкин мен Есениннен, Гейне мен Байроннан, Ғамзатовтан аудармалары баспасөз беттерінде 1957 жылдан жарияланған. Шекспир шығармашылығының шыңы саналатын «Король Лирдің» де тұңғыш аудармашысы. Тұңғыш жыр жинағы «Қабырға тал» (1963), «Соңғы сот», «Зауал», «Жолда қалған жолаушы» пьесалары жарық көрген.

Небәрі 16 жасында Эдгар По, Пушкин мен Есенин, Байрон мен Гейне, Расул Ғамзатовтарды қазақша сөйлетіп, аудармалары баспасөз бетінде жарық көрді.

Ағамыздың есімі, әсіресе, 1960 — 70 жылдары елімізге ерекше танымал болып, халқымыздың айтулы деген ақын — жазушыларының арасында «төрден ойып алған» өзінің лайықты орны болған өнер иесі.

1977 жылы Талдықорған облыстық драма театры ағамыздың «Жолда қалған жолаушы» спектаклін қойды. Режиссері Сәулебек Асылханов ағамыз. Жерлесіміз Серік Нұрхалық аға басты рөлде райком хатшысын ойнаған еді.

Ілияс Жансүгіровтің «Қолбала» поэмасын 1964 жылы Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетінде редактор болып тұрған кезде «Қызыл таң» совхозының тұрғыны Жұмабек Ерболанов деген кісінің аузынан жазып алып жариялатады.

Жә, мұның бәрін не үшін тәптіштеп айтып отырмын. Себебі, ағамыздың жалған ғұмыры таусылғанмен мәңгілік жыр ғұмыры енді басталады.

«Қазақ әдебиеті» газетіне берген бір сұхбатында ағамыз «Мен – құдіреттің қолындағы қаламмын. Сондықтан осы міндетті ғана орындаймын, құдірет не десе – соны істеймін. Табысқа малданып, жазу — сызуды тоқтатқам жоқ, сексен томға жуық поэзиялық шығармалар жаздым. Мұны ешкім көрмейді, ешкімге бермеймін де. Ол өлеңдерімді шығаруға қазір уақытым да жоқ».

Ағамыздың артында мол мұра қалды, енді шығармаларының толық жинағын бастырып шығару, туған жерінде музей ашу, оның есімімен мектеп, көше атауларын беру, туған жеріне ескерткішін орнату, ғылыми конференциялар мен Тұрсынзадатану сабақтарын өткізу сияқты шараларды қолға алуымыз керек.

Тұрсынзада ағамыз өзі пір етіп қастерлеген Ілияс атамыздың: «Өз елі өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді»,-деп жырлағандай Ақсу елінің қадірлі ұлын ел болып ардақтайық ағайын.

Берікбол ҚАСЫМОВ,

«Бөрібай батыр» қоғамдық қорының төрағасы.

Мәліметпен бөлісу: