Әлемде жаңартылатын энергия өндіруді 100 пайыз қолға алған мемлекет жоқ екен. Дамыған елдер энергетикалық мүмкіндігін АЭС-тен көріп отыр. Ал, Қазақстанда жаңартылатын энергияны игеруде өз технологиялық ерекшеліктері бар: олар күннің циклділігі, желдің жиілігі сында жағдайлар. Жыл мезгілдерінің де жағдайы ескерілуі керек. Көп жағдайда бұл жолмен энергия өндіру желдің соғуы мен күннің шығуы және батуына тікелей байланысты. Дәл осындай пайымды пікірлер АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев Ақсу ауданындағы Ақтоған ауылының тұрғындармен кездесуінде айтылды. Келелі кездесуде штаб мүшесі Қазақстанның ядролық физикасыз алға ілгерілемейтінін, қазірдің өзінде медицина саласында әсіресе, елімізде қауіпті ауруларды емдейтін препараттардың сәулелі элементтердің көмегімен өндіріліп жатқанын тілге тиек етті.
«Ядролық физикасыз медицинаның болашағы жоқ. Мұны баршамыз түсінуіміз керек. Шыны керек, ядролық физика қауіптен гөрі, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге септесуде. Алматы қаласындағы Ядролық физика институты фармацевтикалық бұйымдар шығарады. Сол орталықта жұрт қауіпті деп білетін сәулелі элементтерден бірнеше дәрі өндіруде. Қазақстанда өндірілген өнімдер онкологиялық ауруларды емдеуде таптырмас дауа. Қазірдің өзінде институт қабырғасында шығарылған дәрмектер әлемнің 5 мемлекетіне экспортталуда. Осыдан кейін, сәулелі элементтер қауіпті деу қисынсыз», — деді Ғалиасқар Сарыбаев.
Жиын соңында спикер ауыл тұрғындарын 6-қазанда қалыс қалмай, еліміздің болашағын жарқын етер АЭС салуды қолдауға шақырды.