Ақпарат құралының патшасы өзің, Мерекең құтты болсын баспасөзім. Баспасөзім егер де сен болмасаң, Тарихымның таңбасын таппас едім.
Ауданның арындаған Құлагері, Төбең көкке жетпей тұр бір — ақ елі. 85 жыл жасаған төл газетім, Талай – талай тарихтың куәгері.
Ақиқатты айқындап жазған тура, Журналистер ел үшін заңғар тұлға. Қиынды, қызықты да бастан кешіп, Тарихымды сақтадың қаз – қалпында.
Бұл заман салған кезде қатал құрық, Қазаққа қолдан жасап ашаршылық. Халыққа қуат берген өзің едің, Бір емес, екі тілде қатар шығып.
Қасіретті жұртымды күлдірсін кім, Еліңмен бір мұңайып, бір күрсіндің. Ілиястан айырған қазағымды, Сенің әлі есіңде қуғын — сүргін.
Билік құрып тұрғанда орыс құда, Тағдырың көп қиынмен тоғысты ма? Сен бірақ бәрін жеңдің тайсалмастан, Бастан кештің сұрапыл соғысты да.
Кеңестің кезеңінде тұрған өрлеп, Аналарды қолдадың — құрбан ел деп. Майдандағы ерлерге күш сыйлаған, Сенде ғана айтылды тылдағы еңбек.
Білеміз басың талай тасқа тиді, Елің сүйіп шығарды жақсы атыңды. Есімің үш қайтара ауысса да, Сеземіз бір екенін мақсатыңды.
Ендеше кір келтірмей жақсы атыңа, Әлі де жете берші мақсатыңа. Қиын шақта тайсалмай халық үшін, Үш рет таралыпсың аптасына.
Оқысаң кетіретін көңіл кірін, Алғашқы «Ленин жолы», «Өмір нұрым» Ақсудың “Ақсу өңірі” айнасысың, Арнадым мерекеге сезім жырын.
Ербол СЫМХАНОВ, ақын.