Ақсудан шыққан абзал жан

Жуырда Сырттанов ауылдық округіндегі Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің директоры Құсмолдина Махаббат Нұрмұхамбетқызы бастаған мектеп ұжымының ұйымдастыруымен акт залында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы негізінде «Ақсудан шыққан абзал жан» тақырыбындағы кездесу кештің қонағы, ақын Ербол Оразбековтың «Жыр жазамын үңіліп өміріме…» атты кітабының тұсаукесерінің куәсі болдық. Шараның басты мақсаты — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде жерлесіміз, асаба — ақынымыз ЕРБОЛ ОРАЗБЕКОВТЫҢ шығармашылығын дәріптеу мақсатында жас ұрпақтың бойына патриоттық және адамгершілік — рухани тәрбиені оқушыларға қалыптастыру еді.

Автордың «Жыр жазамын үңіліп өміріме…» атты жинағында Абай мен Кененге еліктеп өскен ақын Ербол бала күнінен бері жазған алуан түрлі тақырыпты қозғайтын өлеңдері берілген. Кейінгі жылдары діни өлеңдер жазуға бет бұрған қаламгер діннің асыл негіздерімен қоса, отбасы құндылықтарын дәріптеп жазған өлеңдері жан дүниесін рухани байлықпен байытам деген барша оқырмандарға арналған кітап. Салтанатты іс – шараның бағдарламасына тоқталсақ, «Осы жұрт Түймебасты біле ме екен?» поэмасының көрінісімен басталды. Содан соң Ербол Оразбековтың өмірі мен шығармашылығына талдау жасалды. 9-сынып оқушысы Шұғыла Разбекова ақын Ербол Оразбековпен сұхбат жүргізді. «Жыр жазамын үңіліп өміріме…» атты кітаптың тұсаукесерін ауыл әкімі Бекзат Ермұханбетов және ауыл ақсақалы, аудандық Білім бөлімінің бас маманы Айдар Маралов, аудандық «Ақсу өңірі» газетінің бас редакторы Ләззат Қалмұхамбетқызы және мектеп директоры Махаббат Құсмолдина  салтанатты түрде лентасын қиып, жылы лебіздерін білдірді. Ары қарай Мұратбаев мектебінен, Уәлиханов мектебінен және Қарашілік орта мектебінің мұғалімдері «Жыр эстафетасын» жалғастырса, ақынның сөзіне жазылған «Ауылым», «Қазақ қызы» әндерін нақышына келтіре музыка пәнінің мұғалімі О.Нұрахметов пен 6-сынып оқушысы К.Рымбектер орындаса, ұлдар тобынан құралған вокал «Барлыбек Сырттановқа арнау» орындады. Қазақстанымыздың, облысымыздың, ауданымыздың атын республика деңгейінде Париж қаласында асқақтатып келген жас әнші Дидар Мұқатай ұстазы Ілияс Шұғайыповпен бірге Ербол Оразбековтың сөзіне жазылған, Жанар Қожағазинаның «Ақсуым» атты әнін көрермендерге паш етті. 4-сынып оқушылары «Қара жорға» биінен шашу шашты.  Ербол ағамызға ақындық қасиет анасының сүтінен дарыған қасиеттер арқасында жастайынан ақындыққа бейім болды және  ән айтумен айналысты. «Абай ізбасарлары», «Әнші балапан», «Үздік жас термеші» сияқты байқаулардың жеңімпазы. Суырып салар шумақтардан бастап, арнаулар, өлеңдер, кезінде «Ақсудың Түймебасы» атанған сәйгүлікке арнаған поэмалық туындыларына дейін бар. Сазгер ретінде «Гүл жеңгем», «Достарым», «Ауылым алтын бесігім», «Нағашыма», «Сезім сыры», «Құрдастар», «Асыл жарым» сынды бірнеше әндердің авторы. Оларды және басқа да әндерді домбырамен және эстрадамен айтады. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, мерекелік жиындарды жүргізуге бейімделген, содан асаба болып жүргеніне 27 жыл болды. Биылғы жылы «Евразия» арнасындағы «Тамада BATTLE» жобасының жеңімпазы атанды. Асаба ретінде мерекелік, ұлттық салтдәстүрдегі думан — жиындарды мәдениетті, интеллектуалды түрде, көңілді де қызықты, әрі есте қаларлықтай етіп жоғары деңгейде осы күнге дейін өткізіп келеді.

Тұсауы кесілген кітапта Ербол ағамыздың «Түймебас» атты поэмасы да бар. Бұл поэма ауданымыздың тарихының бір дерегі. Ол, өткен ғасырдың 60 жылдарының басында Ақсу өңірінің атын шарықтата шығарған, бүткіл Ақсу елінің ерекше мақтанышына, бүгінше айтылғанда, «брендісіне» айналған – «Түймебас» атты жүйрік арғымағымыз туралы. Ол кезде балалар болған, бүгінгі аталарымыздың қатарындағылар, оны біз көре алған жоқпыз, бірақ ол туралы, оның республикалық үлкен бәйгелік додада қалай жеңімпаз атанғаны туралы әңгімелерін естідік. Осыны Ербол ағамыз іздене жүріп, «Түймебасты» поэма түрінде жеткізді. Осы поэ

маны аудандық газетке аудан жұртшылығына ұсынбақпын. Көп адам аға деп сыйлайтын, өзі көптеген жайсаңдарға іні бола білген, ұстағалы бері қаламының қадірін кетірмеген, сөз қадірін түсірмеген ақын және мықты асаба Ербол Оразбековтің толып жатқан мақтау және марапаттары, атағы мен сыйлықтары осыларға қосымша ғана. Нұрыңыз тасысын, Ераға!

Ләззат ҚАЛМҰХАМБЕТҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: