«АҚСУ» СПОРТ КЕШЕНІ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

 Жуырда Ақсу ауылында 25 қазан – Республика күні қарсаңында өңірлік кәсіби спортты дамыту, ауыл жастары мен мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайда­лану, болашақ чемпиондарды дайындау мақсатында заманауи тұрғыда салынған спорт кешенінің ашылу салтанаты болды.

Бұл салатанатты жиынға аудандық мәслихат хатшысы Бейбіт Жаңылысұлы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ғабит Ахметқожаұлы және мекеме, бөлім басшылары, ардагер спортшылар, ауыл ақсақалдары, тұрғындар қатысты.

Ақсулық азамат Сүлеймен Айдын Айқанұлының демеушілігімен, «Строймонтаж вектор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен салынған нысанның жалпы құны 350 млн. теңгеге жуық. Жаңа нысанда ауыл балалары­на баскетбол, волейбол, шағын футбол, бокс, қазақша, еркін күреспен айналысуға барлық жағдайжасалған. Қажетті спорттық жабдықтармен толық қамтылған.

Алғаш болып аудан әкімінің орынба­сары Ғазиз Отарбайұлы: – «Кешеннің қолданысқа берілгені бәрімізді қуантқаны жасырын емес. Енді ауыл жастары мен мектеп оқушылары кез – келген уақытта өздері қалаған спорт түрімен айналы­са алады. Болашақта дәл осы жерден елімізді әлемдік аренада танытатын, мемлекетіміздің абыройын асқақтатын чемпиондарымыз тәрбиеленіп шығады деген үмітіміз бар. Еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігі тұғырлы болсын. Көк туы­мыз тек биікте желбірейберсін»,-деген ақ ниетін білдірді.

Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Алмат Үшкемпіров та өз тарапынан жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуы­мен құттықтап, өскелең ұрпаққа алдағы олимпиадаларда киелі өңіріміздің, республикамыздың атағын шығаруды тіледі.

Сондай-ақ, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбаев Амангелді атамыз өзінің ақжарма тілегін жеткізіп, ақ батасын берді. Артынша ауыл әжелерінің шашулары шашылып, жеті нан үлестірілді.

Марал ҚУАТҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: