Ақсу ауданы Кеңжыра ауылдық округіндегі «Кеңжыра» орта мектебінде дәстүрлі соңғы қоңырау соғылды. 11 сыныпты тәмамдаған 11 оқушыны ұстаздары үлкен өмірге шығарып салды. Түлектердің салтанатты қоштасу мерекесіне аудан әкімі Далбағаев Әділбек Егеубекұлы, қоғамдық кеңесінің төрағасы Қорғанбаев Сәбит Бисебекұлы, ауылдық округ әкімі Арғынбаев Тәңірберген қатысты.
– Білімді ұрпақ үшін қай мекеменің болса да есігі ашық. Сондықтан, бүгіннен бастап болашақ мамандықтарыңа дұрыс таңдау жасаңдар, – деп аудан әкімі жас түлектерге ақ жол тіледі.
Мектеппен қоштасу шарасында сөз сөйлеген, қаншама жыл осы білім ошағын басқарып, директорлық қызмет атқарған Қуатбекова Салтанат Нұрқұмарқызы мектеп жетістіктерін алға тартты. Ата-аналарға алғысын жеткізген ұстаз түлектердің болашағынан үлкен үміт күтетінін айтты.
Мерекелік іс-шарада мектеп бітіруші түлектердің ұстаздары шәкірттеріне алдағы сынақта сүрінбей өтуіне сәттілік тілесе, мектеп өнерпаздары концерттік бағдарлама ұйымдастырды.