
Ақын Сара атындағы мәдениет үйі ғимаратында «Roadshow to Aqsy: Таңдау уақыты» атты жастармен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, ел болашағына бейжай қарамайтын жауапты ұрпақ қалыптастыру және саналы таңдау мәдениетін насихаттау.
Кездесуге «Jetisy Jastary» КММ директорының орынбасары Серсекбай Ақылұлы және аудандық коалиция мүшесі Танат Балтабекұлы қатысты. Қонақтар жастармен ашық пікір алмасып, өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті.
Жиын барысында Жаңа Конституция жобасындағы бірқатар жаңашылдықтар кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, қоғамдық бақылау тетіктері, сондай-ақ жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндіктері сөз болды.
Сонымен қатар, жастар мен аудан тұрғындарын азаматтық қатысу үдерістеріне тарту, құқықтық мәдениетті арттыру және саналы таңдау жасауға үндейтін бастамалардың маңыздылығы атап өтілді. Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды.
Мұндай мазмұнды кездесулер – жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және қоғамдағы маңызды үдерістерге саналы түрде атсалысуына жол ашатын маңызды алаң екені сөзсіз.
