Мемлекет Басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында елімізде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударып, энергетиканың ел экономикасында алатын маңызды орын алатынын айтқан болатын.
«Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр станциясы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек», — деді Мемлекет Басшысы.
Бүгін І.Жансүгіров ауылындағы «Ақын Сара» мәдениет үйінде қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен «АЭС – болашақ кепілі» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар алқасы мен аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
«Ел ертеңі үшін халықтың талқысына түсіп жатқан осы маңызды мәселеде біз бірлігіміз бен ұйымшылдығымызды танытып, келешек ұрпақ алдында қабылданатын шешімнің маңызын түсінуіміз керек. Атом электр станциясы еліміздің энергетикалық қуатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашып, әлеумет әлеуетін күшейтуге жол ашатын жаңа жоба болмақ. Сол себепті бұл бастамаға қолдау танытсақ, ертеңгі күнімізге жаңа мүмкіндік береміз», — деді ауданның қоғамдық кеңес төрағасы Ғабит Мұсабаланов.
Дөңгелек үстелде аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күләш Ермұхамбетова да сөз алып: «Атом электр станциясының салынуы елде білім мен техниканың, энергетика саласының қарыштап дамуына жол ашады. Бізде де білікті мамандар бар, сол кадрларға жұмыс, АЭС салынатын ауыл маңына жаңадан баспана, жол, жарық келуінің өзі де оң өзгеріс алып келетінін қуантады», — деп пікірін білдірді.
Жиын қорытындысында қатысушылар Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаевтың бұл бастамасын толық қолдайтынын әрі аудан тұрғындары арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.