САЙЛАУАЛДЫ
БАҒДАРЛАМА
Ақсу аудандық мәслихаты
депутаттығына № 9 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат
Жанатбекқызы
Динара
Құрметті сайлаушылар!

Мен, Жанатбекқызы Динара, 1989 жылғы 19 қазанда Алматы облысы Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында дүниеге келдім. Қазіргі уақытта Жетісу облысы Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында тұрамын.
2007–2011 жылдары Алматы қаласындағы Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінде «Педагогика және психология» мамандығы бойынша білім алдым.
Еңбек жолымды 2010–2012 жылдары Алматы қаласындағы №146 мектепте өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі қызметінен бастадым.
2015–2016 жылдары Ақсу ауданының ішкі істер бөлімінде психолог болып жұмыс істедім. 2016–2018 жылдары Ақсу ауданының Қарасу орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы болдым.
2018–2021 жылдары Талдықорған қаласындағы «Арлен» балабақшасында тәрбиеші болып еңбек еттім.
2021–2026 жылдары «Aqsy Jastary» филиалында психолог болып жұмыс істедім. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін «Aqsy Jastary» филиалының маманы қызметін атқарып келемін.
Кәсіби қызметім аясында аудандық мәдени, әлеуметтік және жастар іс-шараларын дайындау мен өткізуге белсене қатысамын.
Еріктілер (волонтерлік) қозғалысын және патриоттық бастамаларды дамытуға, жастарға психологиялық қолдау көрсетуге және қоғамдық жобаларды үйлестіруге зор жауапкершілікпен қараймын.
Белсенді азаматтық ұстаныммен қоғамдық істерге үлес қосып келемін.
Құрметпен, Жанатбекқызы Динара
2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
1. ЖАСТАР САЯСАТЫ, БІЛІМ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ – БОЛАШАҚ ТІРЕГІ
— Ауыл жастарының сапалы білім алуына, кәсіптік бағдарлануына және туған өлкесінде тұрақты жұмысқа орналасуына арналған бағдарламалардың қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.
— Мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, буллингтің алдын алуға және отбасылық кеңес беру қызметтерін дамытуға қолдау көрсету.
— Мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін тиісті органдар алдында көтеру.
— Аудан аумағында еріктілер (волонтерлік) қозғалысын, қайырымдылық бастамалар мен патриоттық жобаларды кеңінен қолдау.
— Ауылдық жерлерде балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін шығармашылық үйірмелер, мәдени-демалыс орталықтары мен қауіпсіз ойын алаңдарын ашуға ықпал ету.
— Жас отбасыларды, көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдауға және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға қолдау көрсету.
2. «ЖАСТАРҒА МҮМКІНДІК – АУЫЛҒА СЕРПІН!»
1. Жастар кәсіпкерлігі: жас буынның бизнес-идеялары мен стартап жобаларына мемлекеттік гранттар алуына кеңестік қолдау көрсету.
2. Рухани даму: ауылдарда мәдени, танымдық және зияткерлік іс-шаралардың жүйелі өткізілуіне ықпал ету.
3. Психологиялық қолдау: жастар мен отбасыларға арналған тегін психологиялық-әлеуметтік көмек қызметін жандандыру.
4. Экология және тазалық: «Таза Қазақстан» аясында ауылдарды көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жәрдемдесу.
5. Тең мүмкіндік: ерекше білім беруді қажет ететін және дарынды балалардың жан-жақты дамуына қолдау көрсету.
ҰСТАНЫМЫМ: ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛСЕ, АУЫЛДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН БОЛАДЫ.
Жастарға сенім – жарқын болашаққа қадам
ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Ақсу ауданының жарқын болашағы – білімді де белсенді жастардың, саналы ұрпақтың және рухани бай қоғамның қолында. Жастарға дұрыс бағыт беріп, ана мен балаға жайлы орта қалыптастырсақ, ауылымыздың ертеңі кемел болады.
Сондықтан жастар саясаты, білім мен тәрбие және психологиялық-әлеуметтік қолдау мәселелерін назарда ұстап, ауыл жастары мен отбасылардың бастамаларын тиісті орындарға жеткізуге, олардың өз әлеуетін толық ашуына ықпал етуге дайынмын. Әрбір жастың болашағы назардан тыс қалмауы тиіс.
Мен үшін жас ұрпақты қолдау мен рухани құндылықтарды дәріптеу – ауданның болашағына қызмет ету.
Ортақ мақсатымыз – жастары жалынды, білімі сапалы, ортасы мейірімді Ақсу ауданын дамыту.
Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!
