Ақсу қант зауыты 2023 жылдың ақпан айында іске қосылады

«Ауданымыздың экономикасының драйвері — Ақсу қант зауыты. Қазіргі уақытта зауытта қамыс қантын өндеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Зауыт өз жұмысын келер жылдың ақпан айында бастайды», — деп хабарлады өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте аудан басшысы Есім Базарханов.
«2023 жылдың өніміне қант қызылшасына себу жоспары 1200 га құрып отыр. Қазіргі уақытта Ақсу қант зауытында қамыс қантын өндеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қамыс қантын өндеу жоспары 80 мың тоннаны құрайды, бұл зауыт үшін 8 айлық жұмыс көлемі», — дейді спикер.
«Қант саласын дамыту мақсатында келесі жылы «АгроСеверИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Б.Сырттанов ауылында 432 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісін енгізуді көздеп отыр», — дейді аудан басшысы. Болашақта осы алқаптан 25 мың тоннаға дейін өнім жинау жоспарлануда.
Ауданда өзекті болып тұрған мәселенің бірі – суармалы жер. Аудан басшысының мәліметінше, суармалы егістік жерлерімен халықты толығымен қамтамасыз ету мақсатында конкурсқа шығатын жерлерді 5 гектар аумақпен бөліп жариялауда. Осы шара халықты суармалы жермен қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізуде.
Халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту үшін жайлы баспанамен қамтамасыз ету маңызды. Биылғы жылы аудан орталығы Жансүгіров ауылында 50 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үй, 10 жалгерлік тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлер қолданысқа берілсе, баспанаға мұқтаж алпыс жанұя баспаналы болмақ.
Білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға, оның ішінде білім ошақтары, балабақшалар салу, күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Келесі жылға екі жаңа мектеп құрылысы Көшкентал, Көлтабан ауылдарында басталуы жоспарда тұр. Сонымен қатар аудан орталығындағы Ж.Сыдықов, Қ.Сәтбаев мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1,8 млрд.теңгеге ұсыныс берілді.
«Медициналық қызметтердің сапасы арттыру және денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңарту бойынша жалпы ауданда 2025 жылға дейін медициналық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа медициналық мекемелер көптеп салынады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткен аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта нысанның жобалық сметалық құжаттамалар дайын, мемлекеттік сараптамадан өтуде», — дейді спикер.
Сағабүйен ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория жыл соңында пайдалануға беріледі.
«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында Алтынарық ауылында медициналық пункт жаңадан салынуда. 2023 жылы осындай типтік блокті-модульдік медициналық пунктерді Молалы, Үлгілі, Қопалы ауылдарында салынбақ.
«Халықтың бос уақытын тиімді пайдалану, рухани құндылықтарды сақтау үшін ауданға мәдениет ошақтары қажет. Биылғы жылы Ақсу ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Арасан, Матай, Н.Есеболатов ауылдарына жаңа мәдениет үйлерінің құрылысына жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Сонымен бірге аудандағы автомобиль жолдарының сапасын жақсарту мақсатында биылғы жылы Арасан, Ақсу, І.Жансүгіров ауылдарында ішкі көше жолдары жөндеу жұмыстары жүргізілді», — дейді Есім Сейілханұлы.

Мәліметпен бөлісу: