
Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларды және жаңа Конституция жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру, азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында Ақсу ауданының Жансүгірова ауылында орналасқан Ақсу агротехникалық колледжінде қызметкерлер мен студенттердің қатысуымен ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Шараға «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аудандық коалициясының төрағасы Күлайхан Тұрсынбекқызы, облыстық штаб мүшесі Данияр Тұрғанбекұлы, аудандық штаб мүшелері Айдар Маралов, Балғын Тілеубергенова, Ілияс Нұрланбеков қатысты.
Кездесу барысында спикерлер елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың негізгі бағыттарына, адам құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ билік пен халық арасындағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған өзгерістерге жан-жақты тоқталды.
Сонымен қатар, қатысушыларға 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы, әрбір азаматтың ел тағдырын айқындаудағы рөлі және дауыс берудің маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, студенттер мен оқытушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Жастар тарапынан елдегі өзгерістерге қолдау білдіріліп, қоғам өміріне белсенді араласуға дайын екендіктері айтылды.
Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, жастардың саяси сауаттылығын көтеруге және ел болашағына деген жауапкершілігін нығайтуға оң ықпал етеді.
📌 15 наурыз – Референдум.
Әділетті Қазақстан – ортақ таңдау!
