АҚШ профессоры Қазақстанның электронды үкіметінің цифрлық шешімдеріне таңқалысын білдірді

Оңтүстік Калифорния университетінің Интерактивті медиа кафедрасының профессоры Майк Фишер EXPO аумағында орналасқан ХҚО-да болды.  Қонаққа электрондық үкіметтің, egov mobile мобильдік қосымшасы және телеграм мэссенджеріндегі бот арқылы мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндіктері таныстырылды. Шетелдік сарапшыны бәрінен бұрын азаматтардың мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына онлайн тәртіпте бейнеөтініш жолдап, биометрия әдісімен мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі қызықтырды.

«Мемлекеттік органның бірінші басшысына өтінішті тікелей жіберу мүмкіндігі маған өте ұнады. Мәселен, қала тұрғындарына мэрияға барудың қажеті жоқ, уақытыңызды жұмсамайсыз, оны ХҚО-дағы камерасы бар жабдық арқылы онлайн жолдауға болады. Бұл өте ыңғайлы», — деді Фишер. Оның пікірінше, бұл азаматтарға елдің қоғамдық, әлеуметтік, саяси өміріне араласуына жол ашып, сол арқылы мемлекеттік органдарға қазақстандықтардың қажеттіліктерін түсінуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ америкалық профессор мемлекеттік қызметтерді алудың биометриялық тәсіліне таңғалысын білдірді.
«Мен үшін бұл жүйе өте қызық. Яғни, егер сіз өзіңіздің сәйкестендіру картаңызды (жеке куәлік) жоғалтсаңыз, қажетті мемлекеттік қызметті осы тәсілмен еш құжатсыз ала аласыз», — дейді ол.
          Цифрлық ХҚО-да гейммейкер, сондай-ақ автосимуляторды сынақтан өткізіп, оны бейне ойынмен салыстырды. Ол автосимулятор ойынға қарағанда діттеген жерге жылдам жетіп қана қоймай, жолда жүру машығын да шыңдайды деп атап өтті.
          Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтанда IT-шешімдер, цифрлық технологиялар және т.б. сала сарапшыларының қатысуымен «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы өтіп жатыр.

Мәліметпен бөлісу: