Ақпанның азалы күні

… Шаттық жыр ағыл-тегіл, жаз

қаламым,

Шат өмір шалқуыңа аз ба, жаным.

Ырысты еркін, азат елім қандай, …

Кең байтақ, кен дәулетті жерім

қандай…

Ілияс Жансүгіров.

Қандай шаттыққа, сенімге толы жыр еді! Осындай риясыз қуанышпен жыр-тұлпарының тізгінін тыймай, еркін ұстаған жүзі жарқын, жаны жазирадай кең, жанары жарқылға толы жерлесіміз қазақтың құлагер ақыны, жазушы, драматург, аудармашы, публицист, өнер зерттеушісі, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында (қазіргі Алматы облысы, Ақсу ауданы) туған. Ескіше хат танитын, шағатай тілдеріндегі кітаптарды жинайтын, аңыз-ертегілерді, батырлық жырларды, тарихи оқиғаларды, әңгіме-шежірелерді жақсы білетін, көкерегі ояу, көзі қарақты, әр түрлі өнерді ұстаған әңгімеші, домбырашы, ұста, көшелі Жансүгір анасынан ерте қалған Ілиясты жетімсіретпей, еркелетіп, жақсы үлгі көрсетіп, тәрбиелеп өсіреді. Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған.

Өз үйінде, әкесінен хат таныған, одан соң молда алдын көрген Ілияс біраз уақыт Карағаш деген жердегі Мамания мектебінде оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алады. Бұдан кейін тұрмыс жағдайы билеп шаруа күйттеп, тіршілік қарбаласына араласып кетеді.

Жастық қиял, арман толқулары, ауыл көріністері, табиғат суреттері оның жүрегін қозғап, тіліне ұйқасты сөздер оралып, өлең шығара бас-тайды.

1920 ж. Ілияс Алматыға келіп, үш айлық мұғалімдер курсын бітіреді. Артынан Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының жанындағы қысқа мерзімді курста бес-алты ай оқығаннан кейін, денсаулығының нашарлауына байланысты ауылына қайтады.

Дауылды жылдардың  тартысты тіршілігі жас мұғалімді өз толқынына тартады. Қазақ ағарту институтында, Жетісу облысының Қосшы комитетінде губерниялық оқу бөлімінде, «Тілші» газеті редакциясында қызмет істеу, экспедицияға шығып фольклор үгілерін жинау кешегі ауыл жігітін ширатып шыңдайды. Жас азаматтың кызметтен өзге уакыты түгелдей кітап, газет-журнал оқуға, өз көкірегіндегі сырларды қағазға түсіруге жұмсалады. Алғашқы өлеңдері «Тілші», «Кедей еркі», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» журналдарында жарияланады. 1927 жылы «Беташар» атты үгіт өлеңі, 1928 жылы «Сағанақ» деген тұңғыш кітабы шығады.

1927-1937 жылдар арасында поэзия, проза, драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артына аса бай әдеби мұра қалдырды. Оның лирикалық шығармалары, «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары, «Жолдастар» романы, «Кек», «Турксиб», «Исатай-Махамбет» пьесалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған өлмес туындылар. Он жылдың ішінде осынша шығарма берген қалам қайраты, талант табандылығы ғажап.

1928 жылы журналистика институтын бітіріп, елге оралған Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ» газеті редакциясында қызмет істеп, қазақ баспасөзінің қалыптасуына көп үлес қосты. Аршынды қаламгер, үлкен мәдениет қайратқері Ілияс Жансүгіров 1934-1935 жылдарда Қазақстан көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарады, ССРО Жазушыларының I съезінде сөз сөйледі, республиканың әлеуметтік өміріне белсене араласады. Жазушының М.Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолында терең із қалдырған.

Жазушы өмірінің әрбір сәті — жасампаздықтың, рухани үйлесімнің көрінісі. Ілияс Жансүгіровтің қаламы жүйрік, әрбір шығармасы ауқымды әрі өткір. Ақын ойын тезірек білдіріп, толғаныстарын қағазға түсіруге асыққандай. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында бес том шығарма жазып үлгерген. Алтыншы томы дайын болғанымен, жарық көре алмады. «Осынша толағай тереңдікті, қазақ халқының алғыр бітім-болмысын, бояуы сорғалаған тіл байлығын, алуан түрлі теңеулер мен қилы құбылыстарын, орасан күш-қуатын, тегеурінін, қазақы тілдің көркемдігін басқа авторлардан іздеп табу қиын»,- деп жазады ғасырға жуық уақыт өткенде қазақстандық көсемсөзші Герольд Бельгер.

«Ілияс Жансүгіров  — халық аңыз-әфсаналарының буырқанған қайнар көзінен қуат алған ақын. Қаламгердің терең тынысты, танымдық шығармалары туған өлкесінің ғажайып сұлулығын танытады. Жетісу өлкесін жырлағанда тау өзендерінің лебін, қарлы мұзарттардың ұлылығын, тұнып тұрған табиғаттың шетсіз-шексіз жаратылысын паш етеді» — деп, еске алады Ілияс Жансүгіровтың өлеңдерін орыс тіліне аударған ақын Всеволод Рождественский.

Міне осындай талант иесі қызыл террордың, жала жабылған жазықсыз күйде атылды.

Ақсу ауданы Жансүгіров ауылы Орталық алаңында қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері І.Жансүгіровтың 1937-1938 жылдарындағы  саяси қуғын-сүргін     құрбаны болғанына   2018 жылғы 26 ақпанда 80 жыл толуына орай  аудандық мәслихатының ұйымдастыруымен «Ақпанның азалы күні» атты еске алу митингісі өткізілді.

Митингіге аудандық мәслихат депуттатары, Ақсу ауданының құрметті азаматтары, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен ауылдық округ әкімі аппаратары, аудан орталығында орналасқан 50-ден астам мекеме мен кәсіпорындар ұжымдары, Сәтбаев, Сиқымов, Сыдықов орта мектеп оқушылары, зейнеткерлер, БАҚ өкілдері қатысты.

Митингі Ақсу халық театры әртістерінің Ілияс Жансүгіровтың түрмеге қамалып, темір тордың жендеттерінен аяусыз тепкі көріп, жаны мен тәні азапталып, қырық төрт жасқа жетпей қыршынынан қиылған өмірінің соңғы минуттарын декорацияланған сахналық көрінісімен басталды. Ілияс рөлінде Жасұлан Кітапиянов, аяусыз тергеуші рөлін Әділхан Жақыпов ойнап, Арда Шегеқызының көркемдік жетекшілігімен шебер жеткізе алды. Көрермендердің көздеріне жас үйіріліп, арда ақынымызды  естеріне алды.

Сахналық көріністен кейін митингіге қатысушылар ақын рухына тағзым етіп, алаулаған гүл шоқтарын ескерткішке қойды.

Алғашқы сөзді аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы Далбағаев алып:

«ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, сонау замандағы қасіретті күндерді жадымыздан шығармай, қайғы шектірген саяси науқанның қуғын-сүргін құрбаны болған жерлесіміз, қазақтың ұлы ақыны І.Жансүгіровты әр уақытта есте ұстау үшін бүгінгі еске алу митингісін  өткізіп отырмыз.

Тарихи деректерге сәйкес саяси сүрең жылдары тұтқындарды қамау үшін 53 лагерь құрылған, ал түрмелердің саны 30 мыңнан асып жығылған. Қазақстанда Карлаг, Степлаг, Алжир деген атаумен арнайы лагерлер құрылған. Жалпы, 1937-1938 жылдары аралығында Қазақстаннан 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңы ату жазасына кесілді.

Құрбан болғандардың ішінде жерлесіміз қазақтың құлагер ақыны, жазушы, драматург, аудармашы, публицист, өнер зерттеушісі, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіров репрессияға ұшырап, осыдан 80 жыл бұрын, яғни, 1938 жылы  26 ақпан күні опат болды.

Қамауға алған күннің ертеңінде, 1937 жылғы тамыздың 12-нен бас-тап бірінші тергеу жүргізіледі. Тергеу және сот барысында  Жансүгіровтің  1934  жылдан бері Қазақ КСР-ында  оңшыл — троцкишіл  ұйым  құрамындағы  кеңес  өкіметін құлату мақсатымен, Қазақстанды  қарулы  көтеріліс арқылы КСРО-дан бөліп әкетіп, Жапонияның  жетегімен  Қазақ  буржуазиялық мемлекетін  құруды  көздеген  контрреволюциялық буржуазияшыл — ұлтшыл, көтерілісші-террорист ұйымның  мүшесі  болды деп жала жабылды.

РКФСР  Қылмыстық  кодексінің 58-2, 58-8, 58 — 11 баптарына  сәйкес  қымыстық  жаза – атуға  кесілді.

Үкім  орындалды. 1938 жылдың 26 ақпанында 37 адамнан тұратын тізімде №8 болып Ілияс Жансүгіров атылды…

Митингіде бір минуттық  үнсіздік жарияланып, жерлесіміз ақиық ақын  І.Жансүгіров еске алынды.

Өз сөзін аудан әкімі Ә.Далбағаев жалғастырып — «Қазақ мәдениеті мен ұлттық болмысына 1937 және 1938 жылдардағы  жаппай саяси репрессияның тигізген зардабы өте ауыр болды.

Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин  сынды сөз зергерлері мен қаламгерлерінен, олардың шығармашылық мұрасынан көз жазып қалған қазақ әдебиеті бір сәтте ортайып, жүдеп шыға келді.

Сөйтіп жеке басқа табынудың құрбаны болып кеткендердің қаншама шығармалары, мәдениетке қосар үлестері өздерімен бірге мәңгі жоғалды.

Ал бүгінгі біздердің, ұлы ақын ұрпақтарының  басты міндетіміз келер ұрпаққа  қазақ халқының тұлғалы ұлдарының  өсиеттері мен еңбектерінің, шығармашылығы мен кітаптарының ұмытылмастай жадымызда қалдырып, жоғалтпай жеткізу болады.

Ол үшін әр азамат және отбасы, мектептер мен қоғамдық ұйымдар және  мекемелерде рухани жаңғыру жолында  жүйелі түрде еңбек етуіміз қажет. Келесі жылы ақын Ілияс Жансүгіровтың  125 жылдық мерейтойы  болатын жыл. Біз оған үлкен дайындықпен келуіміз қажет.

Митингіні аудандық мәслихат бастама ретінде ақын рухын еске алып, даңқты жерлесімізді асқақтату мақсатында ұйымдастырып  отыр, осылай  барлық мекемелерде өздерінің сүбелі үлестерін қосуы керек деп санаймыз.  Жазиралы өңірі, әсем келбеті бар Жетісу өңірінің  ағынды Ақсуы бар ақсулықтар  Ілиястай кемеңгерін әрдайым  есте сақтап, құрмет тұтатына сенім білдіремін»,-деп өз сөзін қорытындылады аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы Далбағаев.

Сахна төріне Қ.Терібаев орта мектебінің 9 сынып оқушысы Әлжаппарқызы Венера  шығып, «Арыным» өлеңін оқыды.

Алқынамын, басылмайды арыным,

Тау селінде екпін қайрат, сарыным.

Жарлы-жалшы, жақыбайды

жарылқау —

Жандағы ауру, жүректегі жалыным.

Егер салсам қос өкпеден тепкіні,

Елең емес тау жақпары, тек тұры.

Жау жапырар, көк дауылша

бұрқырар,

Шүу дегенде кер бедеудің екпіні….

….Арылтамыз аспанды аршып

тұманнан,

Тазалаймыз жерді жонып жуаннан,

Тапсыз, тату, мерекелі, өнерлі,

Ел жасаймыз еңбегіне қуанған.

Келесі сөз аудандық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Жаңылысұлы Сүлейменовке берілді. «Бүгін Ақсу үшін, жалпы қазақ елі  үшін ақпанның азалы күні.

Адамның жанын түршіктіретін  оқиға -1938 жылдың 25 ақпанынан 13 наурызға дейін қазақ ұлтының ары бола білетін, керек кезінде бас көтертіп, соңына ерте алады-ау деген ел серкелерін жазалау науқаны ұйымдастырылды.

Осы уақыт аралығында тек  Алматыда 631 адам атылды. Күн сайын орта есеппен 43 адамды атып отырған. Оның ішінде 1938 жылғы 26 ақпанда аяулы жерлесіміз, ақиық ақынымыз Ілияс Жансүгіров те атылды. Бұл қазақ үшін азалы ақпан, налалы наурыз.

Марқұм, Ілияс Жансүгіровтың атылғанына 80 жыл толды. Үлкен қасіретті сан. Ұлы жазушы Ғабиден Мұстафин айтқандай  «Бұл күні талай қазақ туып, талайы 80 толды, солардың ішінен Ілиясты ерекше еске түсіргелі отырмыз. Өзі өлгенімен сөзі өлмейтін ерлер болатыны ежелден белгілі. Ілияс сол ерлердің бірі. Ол алдымен ақын еді. Ақындардың бәрі бірдей есте қала бермейді. Ақын, жазушы деген құрметті атаққа қол созушы көп, жететіндер аз. Ілияс сол аздың, бірегейдің бірі. Ол арамыздан ерте кетті, аларын түгел ала алмай, берерін түгел бере алмай кетті.

Бірақ аты, қалдырған сөзі халқымен бірге жасап келеді, бұдан әрі де жасай береді.  Ілиястікі бабы табылған, идеямен суарылған, адамшылық ең жоғары арманға самғаған, қажымайтын, кір шалмайтын жарқын талант. Ілиястың тілі мейлінше бай, әрі сұлу, әрі алғыр еді. Сондықтан Ілияс бізге қадірлі, сондықтан біз оны ұмыта алмаймыз».

Қазақ шежірешіл халық. Ең қызығарлығы, халқымыздың тарихқа деген қызығушылығы жыл өткен сайын арта түсуде. Мен бұған қуанамын. Тарих деген ұмтылыстың өзі жүрек түбіне сенім ұялатады. Әр ауылдың, ауданның  өз тарихын білсем деген құштарлық қашан да қолдауға тұрарлық.

Осы орайда аудандық мәслихат депутаттары да Рухани жаңғыру аясында өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, депутаттардың ауданның барлық тұрғындарына, зиялы қауым мен ұстаздарға арналған үндеуі «Ақсу өңірі» газетінің бетінде жарияланып, жұртшылық тарапынан қолдау табуда.

Ақсу ауданының барлық мектептерінде ақын Ілияс Жансүгіровтың өмірбаяны мен шығармашылығын нәсихаттайтын «Ілиястану» танымдық сабақтарды енгізу туралы  аудандық мәслихат депутаттары бастама көтерді.

«Ілиястану» танымдық сабақтарын енгізудің негізгі  мақсаты – ақынның шығармаларын жас ұрпаққа насихаттау арқылы, ұрпақ сабақтастығын жаңғырту, ақын шеберлігін, туындыларын әр кез дәріптеу болмақ.

Аудан оқушылары және ізденімпаз жастары Ілияс Жансүгіровтің ең-бегін зерделеуде және  оны бойына жастайынан сіңіріп, ақынның өлеңімен сусындап өсуде басқа өңірлермен салыстырғанда көштің алдында болуы тиіс деп санаймыз.

Ілияс атамыздың өлеңдері әр отбасында жатқа айтылып, баланың ой-зердесіне жастайынан сіңіп, қалыптасса, бұл біздердің, жерлестердің Ұлы ақын алдындағы азаматтық парызымыздың орындалғаны деп санар едік.

Осы Үндеу аясында жыл аяғында барлық мектептер мен балабақшаларда  Ілияс Жансүгіровтың шығармашылығын зерттеудегі және өлеңдерін балалардың жаттап өсуге бағытталған іс-шараларын саралаймыз. Ақпан айының 19-нан нау-рыз айының 31-не дейін қазақтың классик ақыны І.Жансүгіровтың  125 жылдық мерейтойына  орай шығармаларын интернет кеңістігінде үздіксіз насихаттау мақсатында «Поэзия эстафетасы» арнайы жобасын жарияладық. Баршаңызды осы байқауға атсалысуға шақырамыз.

Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері І.Жансүгіровтың 1938 жылы  қуғын-сүргін     құрбаны болғанына   2018 жылғы 26 ақпанда 80 жыл толуына орай  аудандық мәслихатының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған «Ақпанның азалы күні» атты еске алу митингісі жас ұрпақтың есінде мәңгі қалып, ата-бабаларымыздың аманатын келесі ұрпаққа жеткізеді деп сенім білдерімін. Ілияс бейнесі мәңгі жүрегімізде болады» -деді аудандық мәслихат хатшысы Б.Сүлейменов.

І.Жансүгіров орта мектебінің 9 сынып оқушысы Тұрсын Дана  «Құлагер» поэмасынан үзінді оқыды.

Келесі кезекте Ілияс Жансүгіровтың шөбересі, 40 жылдан астам ұстаздық еткен  Шукейтова Оралхан Кәппайқызына сөз берілді. Ардагер ұстаз өз сөзінде аудандық мәслихат депуттатарына және аудан әкімідігіне қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері  І.Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан іс-шараларға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта ақын мұрасын жаңғырту және дамытуда әлі де болса атқарылатын жұмыстардың телегей екенін атап өтті.  Митингі соңында аудандық мешіттің наиб имамы Дүзбаев Ахан құрбан болған ақын рухына құран оқып, дұға бағыштады. Осылай ақын Ілияс Жансүгіровты еске алу митингісі өтті.

О, Замандас, соларға бір қараңыз,

Әр кірпіші, әр тасы бір қара аңыз.

Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп,

Өшкендерді табатын бір ғана біз.

Жұбан Молдағалиев.

Отаныңды, еліңді, ойшыл Сенека айтқандай, ұлы болғаны үшін емес, өзіңдікі болғаны үшін сүйесің. Ал ең зор, ізгі ерліктерді Отанға, ел-жұртына деген сүйіспеншілік туғызған емес пе?!  «Елің үшін отқа түс – күймейсің», – дегендей, туған елінің бостандығы, жерінің азаттығы үшін күрескен әр замандағы ардақты ерлерін туған елі ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да.

«Өз елі, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі, алсын қайдан кемеңгерді?» – деп Ілияс бабамыз айтқандай, туған елі барда, ержүрек ұлдары мен қыздары халық жадында мәңгі сақталады. Ал ержүрек ұлдары мен қыздары тұрғанда, туған елдің де, туған жердің де тұғыры мәңгі асқақтай бермек.

 

Нұрбол Үсенов,

аудандық мәслихат аппаратының басшысы.

Мәліметпен бөлісу: