АҚХАЛАТТЫЛАР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ АШЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫНДА ТАЛҚЫЛАДЫ

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік жетекшісі Арыстанғали Арын Ақсу ауданында жұмыс сапарымен болып, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен мазмұнды кездесу өткізді. Басқосу ашық диалог форматында ұйымдастырылып, ауылдық медицина жүйесін дамыту мен конституциялық жаңғырудың әлеуметтік маңызы кеңінен талқыланды.

🔹Кездесуді ашқан Арыстанғали Арын жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – оның адам мүддесіне бағытталуында екенін атап өтті. Оның айтуынша, құжатта азаматтардың денсаулығын қорғау, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алу құқығы нақты әрі жүйелі түрде бекітілген.

– Жаңа Ата Заң жобасында мемлекет әлеуметтік жауапкершілікті күшейтеді. Әсіресе, денсаулық сақтау саласына қатысты нормалар айқындалып, азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қол жеткізуі, профилактикалық шараларды күшейту, ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын арттыру мәселелері нақты көрсетілген. Бұл – жай ғана декларативті ұстаным емес, бұл – мемлекеттің адам өмірі мен денсаулығын ең жоғары құндылық деп тануының айғағы, – деді спикер.

Кездесу барысында медицина қызметкерлері ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы, материалдық-техникалық базаны жаңарту, жас мамандарды тарту, жалақы мен әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру мәселелерін көтерді.

📍Сондай-ақ профилактикалық медицина мен скринингтік бағдарламаларды кеңейту, цифрлық денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Мәліметпен бөлісу: