Ауыл ақсақалдары ақ батасын берді


Қазақтың қара шаңырағы — ауыл. Себебі, қазақы болмыс пен бітім, қазақы мәдениет пен өркениет сол ауылдан бастау алады. Ақсу ауданындағы ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың аудандық штаб мүшелері үгіт жұмысын ұлттың қазығы саналатын ауылдан бастады. Бұл жолы штаб мүшелері Қаракөз ауылына табан тіреді. Ауыл тұрғындарымен өткен кездесуде облыстық штаб мүшелері А.Жұмагелдин, Б.Тынышбаев, Р.Ибраймова, аудандық штабтың төрағасы К.Даулетбекова, штаб мүшесі М.Ормановтар Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы бастамалардың жайын түсіндіріп, елдік пен егемендік жолындағы ауқымды реформаларға тоқталды.

  • Мемлекет басшысының дәстүрлі жолдауының мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір күн немесе бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан жаңа реформалы мемлекетке айналатынын, парламент пен мәслихаттар жұмысы жүйеленетінін атап өтті. Сондай-ақ, Президент сот жүйесін жаңартып, реформалау қажеттігін қадап айтты. Және де құқық саласында адал, әділетті әрі жемқорлықтан ада мамандарды тартып, халықтың сеніміне ие болу тұсын басты назарға алу керегін тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі саяси ұстанымдарының бірі – ашықтық және қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату. Ел азаматтарын, отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырады, — деді Б.Тынышбаев.
    Ауыл тұрғындары да мемлекет басшысының елді өрістету бағытында бастамаларына разылығын білдірді. Сондықтан ауыл ақсақалдары бақуатты елде тұрғысы келетін әрбір тұрғын Қ.Тоқаевқа дауыс беру керегін, сонда ғана Қазақстан дамудың жаңа сатысына көтерілетінін сөз етті. Оған қоса жер-жерде жүрген үгіт-насихатшыларға батасын берді.

Мәліметпен бөлісу: