Текелі қаласындағы №445 дауыс беру учаскесінде биыл ғана 18 жасқа толған Артем және Данил Сухорученко алғаш рет дауыс беріп, ел болашағы үшін аса маңызды мәселеге үн қосты.
Егіздер Текелі кәсіптік колледжінде 3-курста оқиды. Электрик мамандығын игеріп шықпақ. Қазірдің өзінде мамандықтары бойынша жұмысқа араласып, тәжірибе жинап жүр. «Республикалық референдумда көтеріліп жатқан мәселе бізді қызықтырады. Біз өз кәсібіміздің шебері болып, жұмысшы мамандығының беделін көтеруге атсалысатын жастармыз. Еліміздің дамыған елдердің қатарында тұрып, халқымыздың бай, бақытты өмір сүргенін қалаймыз. Екеуміз референдумда алғаш рет дауыс беріп жатқандықтан, комиссия мүшелері бізге сыйлық та ұсынып жатыр. Осындай ірі науқанға үн қосқанымызға қуаныштымыз», – деді егіздің сыңары Артем.