Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты. Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев бастаған депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері «Aqbobek International School» мектебінде ұстаздармен кездесіп, атом энергетикасының еліміздің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігіне тигізер ықпалын талқылады.
Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның көміртекті энергия көздеріне тәуелділікті азайту арқылы қоршаған ортаға тигізетін оң әсерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Мектептің физика пәнінің оқытушысы Аманжол Бақтығұлов еліміздегі ғылыми-техникалық прогрес мәселесін атом электр стансасының құрылысымен байланыстырды. Сондай-ақ ол АЭС-тың тиімділігіне тоқталды.
Өзге де ұстаздар тың бастамаға бірауыздан қолдау білдіріп, энергия ел экономикасын қозғаушы күші деген ортақ пікірге келді.