Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлының халыққа Жолдауында елімізде атом электр стансасын салу мәселсі көтерілді. Бұл мәселе қазір барлық өңірде өте өзекті болуда. Себебі алдымыздағы референдум осы мәселені шешетін күн болмақ. Сондықтан, ауыл тұрғындарына еліміздегі атом энергетикасын дамытудың жоспарлары мен перспективаларын таныстырып, атом электр станциясын салудың қауіпсіздігі, экологиялық ұтымдылығы мен экономикалық қисындылығы мәселелеріне тоқталсам:
Атом электр станциясын салу Қазақстандағы ғылым мен өнеркәсіпті дамытудағы маңызды қадам болуы мүмкін. Оның құрылысы – бұл көптеген салалардың дамуын өзінің соңынан тартатын жоғары технологиялық процесс. Құрылыстың мультипликативті әсері ғылым үшін, өнеркәсіп, кадрлар даярлау үшін де сөзсіз тиімді болады. Атом электр станциясынан ешқандай зиян болмайды, өйткені бүгінгі күні III және III+ буын реакторының құрылысы ұсынылады. Бұл реакторлар белсенді және пассивті заманауи қауіпсіздік деңгейлерімен жабдықталған. Реактор қалыпты жағдайдан шыққан жағдайда қауіпсіздік жүйесі оны оңтайлы жұмыс режиміне қайтаратын болады. Яғни, ешқандай қауіпсіз, қорқудың қажеті жоқ. Бұл атом бомбасы емес, электр энергиясын өндіру. Бұл жаңа өнеркәсіптік өндірістерді құруға мүмкіндік береді, осылайша ел экономикасы көтеріледі.
Аталмыш станцияны салу үшін Балқаш көлінің маңы неге таңдалды? – деген сұрақ та туындауы мүмкін. Оның жауабы: Еліміздің оңтүстік аймақтарындағы электр тапшылығы мәселесін шешу қажеттілігі мен басқа өңірлерге оңай тарату мүмкіндігі деп ойлаймын. Және оның көлге де, елге де ешқандай зияны жоқ. Тіпті біздің өңірге пайдасы көп болады деп сенемін.
Жаңа энергия көздерінсіз еліміз болашақта елеулі мәселелерге тап болуы мүмкін. Себебі су электр стансалары су тапшылығына ұшыраса жұмысы бәсеңдейді. Ілияс атамыз жырлаған бұрынғы арынды Ақсудың да арыны басылып тұрғанын көздеріңіз көріп жүр. Ал, жасыл энергия деп атап жүрген күн мен жел энергиясы өте сенімсіз екені белгілі.
Егер жақын арада атом электр станциясының құрылысын бастамасақ, онда болашақта 90 — шы жылдарға қарай кері қайтамыз деп ойлаймын.
Берік МҰСАНОВ,
Жаңалық ауылдық округінің әкімі.