Ұлы Отан соғысында өлшеусіз ерлік көрсеткен, соған сәйкес екі бірдей жауынгерлік орденмен, он бестен астам медальдармен марапатталған ұлан – байтақ Жетісу өңіріне танымал тұлға – Нүсіпбек Дүйсекенов.
Нүсіпбек атаның өмірбаянына қысқаша тоқталсам, ол кісі 1917 жылы 25 қарашада Көкөзек (бұрынғы Сталин, содан Чапаев) ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Ауылдағы мектептен сауатын ашып, ауылшаруашылығында есепші, колхозшы болып еңбекке араласады. 1938 жылы әскер қатарына шақырылып, Отанымыздың астанасы Мәскеуде, соңынан Ярослав облысы, Рыбинск қаласында міндетін өтеп, 1940 жылы елге қайтып оралады. Нүсіпбек атамыз Берлиндегі Рейхстагта болған Жеңіс жиналысына конференцияға қатысуы қазақтың қайсар баласына көрсеткен үлкен сенім болатын. Ол кісі бейбіт еңбекте де өнегелі із қалдырған жан. Ауыл шаруашылығын өркендетуге көп үлес қосып, агроном, ферма меңгерушісі, колхоз председателі, өндіріс бригадирі сияқты қызметтер атқарған.
Еңбекті оқумен жалғастырып, Талғар қаласындағы техникумды агроном мамандығын алады. Және жоғарғы партия мектебін бітіреді. Колхозда партия ұйымының секретары болды. 1977 жылдан құрметті демалысқа шықса да өз іргесін қалаған Көкөзек елді мекеніндегі Ақсу тәжірибе шаруашылығының тыныс – тіршілігіне белсене араласты. Сонымен қатар 1941 – 1945 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері Отан соғысы бейбіт еңбектегі ерлігін бағалап, ерліктері үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Министрінің Құрмет Грамоталарымен 14 рет марапатталған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып соғысқа аттанған 5 азамат. Осы 5 азаматтан тек Нүсіпбек атамыз ғана аман – есен оралған.
Сондай – ақ, 1941 жылы 15 желтоқсан айында ол Алматыда жасақталған жүргізуші атқыштар бригадасында дайындықтан өтіп, Батыс қызы Мәншүк Мәметовамен, жауынгер, жазушы Әзілхан Нұршайықовпен бір топта болып соғысқан. 1946 жылы Германияның Г.Финов қаласындағы Полевой мектебінен біздің Нүсіпбек атамыз да шыққан. Омырауында жарқыраған 15 орден медальдары бар, артында ізбасарлары бар. Қызы Дүйсекенова Баян Нүсіпбекқызы, жұбайы Нұрланбаев Құмарбек және немерелері, шөберелері жалғасын тауып жатыр.
Қазақта «Жақсының артында аты қалады, ғалымның хаты қалады»,-деген сөз бар. Дүйсекенов Нүсіпбек аты халқының есінде мәңгі қалмақ. Сұрапыл соғысты кешіп өтіп, бейбіт еңбекте бірегей қабілетін көрсеткен Нүсіпбек атамыз үнемі балаларын адалдыққа, халқын, Отанын сүюге тәрбиелеп отырған екен. Міне, ол соның жемісін көргендей болып еді.
Нүсіпбек атамыздың балаларына тоқталсам, ең үлкені Баян Дүйсекенова 1951 жылы 25 қарашада Көкөзек ауылында дүниеге келген. Алматы қаласының Абай атындағы мемлекеттік институтты бітірген. Жоғарғы білімді ұстаз Қаракемер, Терібаев, Уәлиханов атындағы орта мектептерде 25 жыл қызмет атқарса, жұбайы – Нұрланбаев Құмарбек Жақсылықұлы 1949 жылы 27 ақпанда Еңбек ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді ұстаз Алматы қаласының Абай атындағы мемлекеттік институтын бітіріп, Қаракемер және Уәлиханов атындағы орта мектепте 27 жыл ұстаздық еңбек еткен ағайымыз Нұрланбаев Құмарбек Жақсылықұлы мен апайымыз Баян Нүсіпбекқызына шәкірттері аудан басшыларына құлаққағыс ретінде Ақсу ауданының «Құрметті азаматтары» атағын беруге ұсыныс білдіруде. Бұл кісілерден тәлім – тәрбие алған қаншама шәкірттер бар. Олардың көбісі жоғары лауазым, шаруашылық иелері.
Нүсіпбек Дүйсекеновке өзінің кіндік қаны тамған жері, туған ауылы Көкөзекте №3 Шешім бойынша көше аты берілді. Осы Көкөзек ауылында көше атауын осы ауылда есепші, колхозшы, бригадир, ферма меңгерушісі, партия ұйым қызметкері, 60 жыл туған жерінде тынбай еңбек етіп, қызмет жасап, еліне – жеріне қалаулы азамат болған атамыз Нүсіпбек Дүйсекенов есіміне ауыстыруға байланысты салтанатты рәсімнің ашылуына куәгер болдық.
Салтанатты шараны аудандық «Қобызшы Молықбай» атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері тамаша жүргізіп, келген қонақтарға әсем әннен шашу шашты. Осындай қайталанбас тұлғамыз Нүсіпбек Дүйсекеновтың атына беріліп отырған көшеміздің ашылуында алғашқы сөз кезегі ауданымыздың әкімі Базарханов Есім Сейілханұлына берілді. Аудан әкімі өз сөзінде:
— Құрметті жиылған қауым!
Қадірменді ауыл тұрғындары!
Елбасы Н.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру ” мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі және нақты бағытын көрсететін маңызды құжат. Осы құжатты орындап, іске асыру үшін аудан көлемінде бірнеше игі жұмыстар өз нәтижесін көрсетуде. Солардың бірі бүгінгі өздеріңіздің жерлестеріңіз, осы ауылда дүниеге келіп, білім алып, маңдай термен қызмет еткен, еліне — жеріне қадірлі азамат Дүйсекенов Нүсіпбек атамызға көше атауы берілді.
Ардақты әлеумет!
Ұлыны ұлықтап, тарихты қастерлеген ұрпақ жолы әрқашан баянды. Біз ардагерлерімізбен әрқашан мақтанып, марқайып сол кісілердің арқасында бейбіт елдің етегінде күліп — ойнап өмір сүріп келудеміз.
Елдік мүдде, жасампаздық ниет, биікке қарай ұмтылыс, әсіресе өзіне деген сенімі мықты Ұлы Отан соғысының ардагері Нүсіпбек Дүйсекеновтың, атына өз ауылынан көше атауын беру ел арасында үлкен мақтаныш орнатады деп есептеймін.
Батыр атамыздың өнегелі өмір жолы, еңбекқорлығы мен адами қасиеттерін осылайша ұлықтай отырып жас ұрпаққа үлгі болуға ықпал ету біздің басты парызымыз,-деді.
Сондай – ақ, аудан әкімі Есім Сейілханұлы барша ауыл халқын Дүйсекенов Нүсіпбек атындағы көшенің салтанатты ашылуымен құттықтай отырып, атамыздың ұрпақтары Құрманбек ағамыз бен Баян апамызға сый – сияпат жасап, шапан жапты.
Келесі құттықтау сөзді Нүсіпбек атаның қызы Баян Дүйсекенова мен Нүсіпбек атаның күйеубаласы Құмарбек Жақсылықұлына берілсе, ары қарай Ақсу ауданының «Құрметті азаматы», мерекелік шараның құрметті қонағы Әділбек Егеубекұлына, Нүсіпбек атамыздың есімін мақтан тұтар туысқандары атынан сөз кезегі Айымбала Абдоллақызына берілсе, «батамен ел, жаңбырмен жер» көгерген халқымыз үлкеннің берген батасы алдындағы даңғыл жол деген ғой, ортаға бата беру үшін аудандық Ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Айтбаев Амантай Айтбайұлын шақырды.
Туған елінің батыр ұлының адал махаббатына ақ жүрекпен жауап берер күні келді. Осындай қайталанбас тұлғамыз Нүсіпбек атамыздың атына беріліп отырған көшенің салтанатты ашылу рәсімін атқару аудан әкімі Есім Сейілханұлына және қызы Баян Нүсіпбекқызына ұсынылды. Артынан ауданымыздағы «Амина» мейрамханасында атамыздың рухына ұрпақтары арнап үлкен ас берді. Тағы бір қуанышты жағдай Нүсіпбек атамыз туралы жазылған аудандық «Ақсу өңірі» газетінің директор – бас редакторы Мұхаметәлі Найманханұлының «Көкөзекке көктем күліп келеді» атты кітабының тұсаукесері болды. Кеш соңында Нүсіпбек атаның қызы Баян тәтеміз ризашылығын білдіріп, алғыс айтып, Мұхаметәлі ағамыз басқа да жаңа туындыларды жаза берсін деген мақсатпен нотбукты сыйға тартты.
Әрине, атамыздың атына көше берілгені ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Отанымыз бен ауданымыздың өркендеуіне өз үлесін қосқан, лайықты еңбек етіп, адал өмір сүрген, аты аңызға айналған ержүрек батыр атамыз Нүсіпбек Дүйсекенов сияқты танымал тұлғалардың есімдерін ардақтау – біз үшін парыз.
Ләззат ҚАЛМҰХАМБЕТҚЫЗЫ.