Жетісу облысында жыл басынан 5 мыңнан астам ит ауланды

Биыл Жетісу облысында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сәйкес 5 бюджеттік бағдарламаны іске асыру үшін 178 млн.теңге қаражат бөлінді. Оның 98,6 млн. теңге сомасына қаңғыбас жануарларды аулау, жансыздандыру, вакцинациялау, стерильдеу және бірдейлендіру секілді 5 бағдарлама бойынша қызмет көрсетушілер анықталды. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Асхат Базилов БАҚ өкілдерімен кездесуде айтты.
«Бүгінде Жетісу облысында типтік питомниктер, жануарларды ұстауға арналған баспаналар жоқ. Уақытша ұстау пункттері әр ауданда және қалаларда бар. Қазіргі уақытта қоршаулардың жалпы саны — 216. Облыста барлығы 3,93 га жер учаскесі бөлінген, бұл учаскелерге жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда», — дейді Асхат Базилов.
Жыл басынан «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңын орындау мақсатында аудан, қала аумақтарындағы қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары бойынша жыл басынан 5951 қаңғыбас ит пен 22 мысық ауланды, ал 41 иелеріне қайтарылды. 723 қанғыбас итке вакцинациялау және стерилизациялау қызметі көрсетілді. Ізгілік жолмен 5104 қаңғыбас ит мысық жансыздандырылды.
Мәлімет үшін, облыста адамдар арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ. Алайда Ақсу, Қаратал және Кербұлақ аудандарында ауыл шаруашылық малдар мен жабайы аңдар арасында құтырманың 11 күдікті жағдайы тіркеліп, оның 6-ы зертханалық жолмен расталған.
«Әр жыл сайын жануарлардан жарақат алудың 1500-1700 жағдайы тіркеледі. Жыл басынан 776 адам жануардан алған әртүрлі жарақатына байланысты медициналық көмекке жүгінген. Жарақаттың 645-і жалпы иттен болса, қалған 299-ы қаңғыбас иттерден болған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда зардап шеккендердің саны 820-дан 776 адамға дейін төмендеді», — деді Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова.
Қаңғыбас иттерден жарақат алғандардың ең көп саны Кербұлақ ауданы мен Талдықорған және Текелі қалаларында тіркелген.
«Жетісу облысында үй жануарларын вакцинациялауды, қаңғыбас иттер мен мысықтарды бақылауды, сондай-ақ жануарлармен қауіпсіз өзара іс-қимыл бойынша оқыту іс-шараларын жүргізуді қоса алғанда, құтырудың алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде», — деп атап өтті спикер.
Жергілікті билік барлық тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және тістеген жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырады.

Мәліметпен бөлісу: