«Су — тілсіз жау». Еліміздің бірқатар өңірі су тасқынынан зардап шегуде. Оны әлеуметтік желілерден көріп жағамызды ұстап, халықтың қиналғанын көріп, біз де қайғыларымен бөлісіп жатырмыз.
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізіп, Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды.
«Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмаған» — деген Қасым — Жомарт Тоқаев зардап шеккен өңірлер тұрғындарына үлкен көлемде шығын келуіне байланысты өкініш білдірді. Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға байланысты кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты.
Президент жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдаумен қатар жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтіп, Премьер-Министрдің төрағалығымен Республикалық штаб құру, сондай-ақ барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма беріп, мемлекеттік құрылымдарға табиғат апаты салдарынан болған шығын көлемін анықтап, алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау міндетін жүктеді.
Иә, 2010 жылы біздің ауданымызда да осындай апат болғанын аудан халқы жақсы біледі. Сол кезде барлық қазақстандықтар бізге көмек қолын созғаны шындық. Соның арқасында аз уақыттың ішінде ауыл қайтадан қалпына келді. Ол күндер қазір артта қалды ғой.
Өткен жылдарда «Көкбектіде» болған апатқа байланысты ақсулықтар қайырымдылық керуенін аттандырғаны біз үшін мақтаныш. Өзгемен бір үзім нанын бөліскен халқымыздың қашанда қиындықта қарап қалмасы анық. Бұл күндер де артта қалар. Жақсы күндеріміздің алда екеніне сенейік.
Ләззат ҚАСЫМБЕКОВА,
«Ақсу өңірі» газетінің директор — бас редакторы.