Қарақұрт – өте улы, далалы, шөл-шөлейтті жерлерде мекендейді. Қарақұрттың уы жылан уынан 15 есе күшті. Денесі шағын. Түсі қара, құрсағында қызыл дақтары бар. Бірнеше көзі барына қарамастан олардың көру қабілеті нашар. Тек заттың түсі мен қозғалысын ғана ажырата алады. Әсіресе ұрғашы қарақұрт улы болып келеді. Оның уы түйе мен жылқыны да өлтіріп жібереді.
Қарақұрт шаққан адамның 10-15 минуттан кейін іші мен кеудесі қатты ауырады. Аяқтарының жаны кетіп, құрысып қалады. Басы айналып, құсқысы келуі мүмкін, терісінде қызыл дақтар пайда болады. Дер кезінде жедел жәрдем көрсетілмесе, қарақұрт шаққан ересек адам 7 күннен кейін, ал балалар 5 күнде өліп кетуі мүмкін.
Әсіресе жаз айында қарақұрттар тым белсенді болады. Бірақ олар өздігінен адамға шабуыл жасамайды. Сондықтан қарақұрт бар-ау деген далалы жерлерде абайлап жүрген жөн. Табиғат аясына демалуға барғанда өрмекші торы, қандай да бір жәндіктердің іні жоқ жерлерді таңдауға тырысу ке
рек. Киімге де мән берген дұрыс. Қарақұрт болуы мүмкін деген жерлерге ашық-шашық киініп баруға болмайды. Жеңі ұзын киім кию керек. Аяқ киімнің де жабық болғаны дұрыс.
Қарақұрт шағып алған жағдайда не істеу керек? Егер адамды қарақұрт шағып алса, ауруды басатын дәрі және көп мөлшерде су ішу керек, сонда у ағзадан табиғи жолмен шығарылады. Көрініп тұрған жараны қолда бар құралдармен: құрамында спирті бар заттармен немесе сутегі тотығымен залалсыздандырған жөн. Сонымен бірге жарақат алған адамды міндетті түрде токсикология бөліміне жеткізу керек. Мүмкіндігінше уақыт өткізіп алмаған жөн. Дәрігерлер қарақұрт шаққан орынды күйдіруге, кесуге немесе уды сорып шығаруға рұқсат етпейді. Мұндай жағдайда жарақат алған жерге инфекция түсуі мүмкін, ондайда уланған адамды инфекция түсуден де емдеуге тура келеді.
Қауіпті жағдайларға ұрынбас үшін далалы жерлерге барғанда сақтық шараларын барынша жасап жүргеніңіз дұрыс.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖӘНЕ БАҚ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫНА!