ҚАЗАҚ АНА ТІЛІН ҚАШАНҒЫ ӨЗЕГІНЕН ТЕБЕ БЕРЕДІ?

Мемлекеттік тілдің қызметі мен қоғамдық аясын кеңейтуде айрықша рөл атқарып, оның дамуына әсер ететін құрылымның бірегейі – бұқаралық ақпарат құралдары. Күннен- күнге жаңа технологиялар дамып, тұтас әлем сандық жүйеге көшіп жатқан кезде, БАҚ-ның қоғамдық ортаға тигізер әсері орасан зор. Мәселен, қазіргі уақытта еліміздегі барлық мерзімді басылымдардың сайттық үлгісі жасалынып, медиа кеңістіктің талабына ыңғайланып келеді. Жалпы қарап отырсақ, ақпараттың қоғамға жетуі, тарауы – әп сәтте жылдам жүзеге асып отыр. Біз, әлеуметтік желілерді тұрақты қолданып жүрген қолданушы ретінде һәм БАҚ-ның өкілі ретінде БАҚ-дағы мемлекеттік тілдің жағдайы мен рөлі, ұлттың ұлы мұраты мен құндылығы жайында өз ойымызды білдіруді жөн деп санадық.

БАҚ–дағы мемлекеттік тілдің рөлі мен жағдайы

Сөздің шынын айтайықшы, жұрт бұрынғыдай көк жәшікке телміріп, жаңалық хабарын күтіп отырмайды. Әр жерде өтіп жатқан іс-шараларды сол уағында-ақ түрлі әлеуметтік желілердің тікелей эфирі арқылы танысуға, ақпарат алуға мүмкіндік туып отыр. Бұл – жыл­дам хабар алудың жеңіл жолы болғанымен, қоғамдық ортаға тигізіп отырған залалы шаш етектен. Оның басты залалы – тіл мәселесі. Шұбарала, дүбәра тіл болды өзі! Не қазақша емес, не орысша емес! Тікелей эфирді бақылап отырған жастар мен жасөспірімдерді аяймын…

Мемлекеттік тілдің дамуына орасан зор залал тигізіп отырған құрылғы – әлеуметтік желі. Әсіресе, блог жүргізушілер! Мен үшін «блогер» деген – ұлттың хас жауы! Біздің қазақтар «бло­гер» дегеннің не екенін жете түсінбейтін сияқты. Блог – адамның шағын ойы. Ал, бло­гер деген – мамандық емес, ол азаматтық қоғамдағы заман талабынан туындаған атау. Байқасаңыздар, осы жыл сай­ын еліміздің түкпір-түкпірінде блогқұрылтай деген жиын өтіп тұрады. Оған еліміздің әр өңірінен «блогер» болып жүрген жастар барып қатысады. Бұл жиындарына қоғам қайраткерлері, «популист» жұлдыздар және әлеуметтік желіде тіркелушісі мен жазы­лушысы көп қолданушылар қатысып, пікір алмасады екен- мыс. Осындай дүбәралардың жынойнақтарына қаражат бөліп, қолдау білдірер ел тізгінін ұстап отырған басшы­ларды түсіне алмадым. Осы фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Мен – блогермін!» деп жүрген бірсыпыра «жұлдыз» құдайлардың парақшасына кіріп, жазғандарын оқып шықтым. Олардың ойынша: блогер деген – қоғамдағы әлеуметтік һәм түрлі өзекті мәселелерді көтеріп, соны тиімді жолменен шешуші екен. Жә, солай ақ болсын делік. Жазған жазбаларын оқып оты­рып, еріксіз ашуменен: «Қалқам- ау, егер сен қазақ тілді блогер болсаң, неге қазақтың ана тілінде сауатты жазбайсың?!» дегің ақ келеді. «Нестеп?», «Не ғой», «отқан сол», «баржатырм» және осы сықылды қаншама паразит сөздерді жазып, кейбір әріптерді қысқартып отырған адам – ұлттың жауы емей не­мене?! Өзге ұлт өкілі болса бір сәрі. Құдай-ау, қазақ баласының осындай сорақылыққа баруы – кешірілмес күнә, қылмыс деп есептеймін! Тілдің киесі, құдіреті деген ұғымды білмейтін, ұлт мұраты жайында түсінігі жоқ адамды «блогер» деп көкке көтеріп, төбемізге шығарып, әспеттегеннен не ұттық?

Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: «Шүкір, ел есін жиды: тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ екенін кештеу де болса түсіндік» деген еді. Рас, Тәуелсіздік алған тұста, мемлекетіміздегі халықтың ба­сым көпшілігі өзге ұлт өкілдері болды. Шаңырақ иесі – қазақтың жан саны аз болғандықтан, оның үстіне жетпіс жылдық кері кеткен солақай идеологияның салдарынан ұлттық құндылықтарымыздан көз жа­зып қалғандығымыз ескеріліп, Ата Заңымызға «мемлекеттік тіл және ресми тіл» түсінік берілді. Енді, міне, Елбасы Тәуелсіздіктің жиырма алтын­шы жылына қадам басқанда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп бағдарламалық мақала жазып, халық назары­на ұсынды. Сонымен, биылғы жыл – қазақ баласы үшін, жал­пы қазақстандықтар үшін руха­ни жаңғыру жыл болуы керек! Осы орайда, қазақстандағы қазақ тілді, орыс тілді БАҚ, оның қызметкерлері түгелімен «руха­ни жаңғыруы» керек!

Меніңше, Отандық БАҚ өкілдері – қазақтың қазақтығын танытып, оның құдіреті мен қасиетін дарытқан ана тіліміздің қорғаны, тіреуі болуы тиіс. Мемлекеттік қызметкерлер, түрлі атқарушы органдардың ағзалары сұхбат бергенде немесе сөз сөйлегенде ресми тілді пайда­ланса, оны сол қалпында эфирге жібермей, ана тілінде аударып, таратуы жөн. Қысқаша айтқанда, БАҚ – мемлекеттік тілдің жырын жырлап, мұңын мұңдап, басы ау­ырып, балтыры сыздап отыруы керек!

БАҚ мемлекеттік рөлі қандай? Біріншіден, радио немесе телеарнаның өзінде қызмет етіп жүрген журналистердің өзі мемлекеттік тілден мүдіріп, ақсап жатады. Сөз саптауы, сөйлем құрау және т.с.с. мәселелері жеткілікті. Хабарларды тыңдап отырып, сол бейбақтар үшін өзіңнен өзің қысылып, ұяласың кеп! Телеарна мен радио журналистерінің тілі, олардың кемшіліктері хақында профессор, тіл жанашыры Ш.Құрманбайұлы жиі мәселелер көтеріп жүр. Осын­дай өткір сыни мақалалардан тәлім алып, кемшілігін түзеткен журналистерді көрер күн туар ма екен?! Екіншіден, мерзімді басылымдардың да тіл мәселесіне салғырт қарайтыны анық. Байқауымызша, осы газет-журналдарда қазір кор­ректор деген маман жоқ сықылды. Өріп жүрген қателер мен стилистикалық байланысы жоқ сөйлемдерді оқып отырып, миың атала болып қалады. Үшіншіден, сайттар мен пор­талдар. Бұлар – арзан рей­тинг үшін «арын» сатуға дайын тұрғандардың нақ өзі. Біздің елдегі бірде-бір іліп алар, тәуір сайт жоқ. Әдебиетіне арналғаны жарнама, арзан шығармаларды жарияласа, тарихы жаңа күннің жаңалығын дәріптейді деген­дей. Біздің порталдарға ұлттық мүддеден гөрі Баян Есентае­ва, Қыдыралы Болман, Қайрат Нұртастардың тағдыры қызық. Қазақтың үні бола алмаған, ар­зан жолменен дамығысы келетін сайттардағы мемлекеттік тілдің рөлі мен көрінісін айтудың реті де келмейді.

Сайып келгенде айтарымыз, қазақтың баспасөзі, ұлттық арна­сы, радиосы – қазақ мүддесінің қызметіне жегілуі керек. Ұлы Ах­мет Байтұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі, тілі һәм құлағы» болуы керек емес пе еді.

Мемлекеттік тіл мәселесі

Тағы да қайталап айтамын менің мемлекеттік тілім төсекке танылған науқастың күйін шегіп келеді. Дертінен арылар түрі жоқ! Қоларбаға танылған мүгедек адам секілді менің ана тілім жетекпен ғана жүргені жа­сырын емес. Менің ана тілім – жарым жан! Біздің қоғам керең болып тұрғанда, менің ана тілім өрістемес, көктемес!

Менің тілім ар мен мансап арпалысының табанында тапта­лып барады. Қашан болса да үлкендердің кішілерге өктемдік көрсетері табиғаттың заңдылығы емес пе? Жо-жоқ, енді олай болмауы керек… Менің ана тілім – менің мемлекеттік тілім емес пе еді… Ендеше, ағылшын мен орыс тілін дамытқанша, өз тілімізді дамыталық. Ол екі тіл – әлемдік тілге айналғалы қашан? Әрине, әр қазақ бала­сы шет тілдерін білсін, үйренсін. Мәселен, мен жас әдебиетшімін. Өзімнің тәжірибемнен анық бір мысал келтірейін: «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын тәмамдап, «орыс әдебиеті» мамандығы бойынша магистратуралық білім алдым. Салыстырмалы әдебиеттану ғылымымен ай­налысып жүрген соң, қосымша түрік тілі мен ағылшын тілін меңгеріп, дүниетанымым мен көзқарасымды жаңаша қалыптастыру үстіндемін. Қазіргі уақытта менің әдеби- эстетикалық, теориялық ойла­рым шет елдік басылымдарға жиі жарияланып жүр. Алдағы уақытта базалық білімімді тағы да шыңдасам, көркем әдеби шығармаларды «қазақша» сөйлетуіме мүмкіндігім жетеді деп ойлаймын. Көп тілді меңгеру деген идея – қазақ баласының интеллектуал болып, жан-жақты дамуына, бәсекеге қабілеті зор, әлеуеті мен күш-жігерінің айқындалуына себепкер болады.

Ал, мемлекеттік тіл – ҚАЗАҚ тілінің жағдайы енді қайтіп күнтәртібіндегі мәселеге айнал­мауы тиіс. Бұл – заман тала­бынан туындаған жол. Қазіргі жаңа технологиялардың күннен- күнге жаңарып, бірінен бірі озып тұрған шақта, «кішкентай» ұлттардың ерекшелігі мен бол­мысы ассимиляцияға ұшырап, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан ұлттың тарихи тамырын берік қылуымыз үшін, жаһандық үрдіске қарсы төтеп беруіміз үшін біз әр қазақтың, әрбір қазақстандықтың ұлттық сана­сын жаңғыртуымыз керек! Ұлттық сана – ұлттық бірегейлікпен қалыптасады. Ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың бірінші міндеті – кириллицадан латын қарпіне көшуіміз. Латын қарпі – мұқым түркі халықтарының басын қосып, туыстығымыз бен бауырластығымызды одан әрі жақындастыра түседі. Ла­тын қарпіне көшсек, бүгінгідей ана тіліміздің мәселесі қайта көтерілмейді. Себебі: біз «орыс мәдениетінен» іргемізді аулақ ұстайтын едік.

Біздің елімізде мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне іс жүзінде ие болмауының басты себебі: қазақ тілін игеруге қажеттілік ту­ындап отырған жоқ. Қажеттілік болмаған соң, ешкімнің жаны ауырмайды. Қазақ тілі – қазақ ұлтының болашағы үшін керек екенін жете түсінбейінше, тілдің мәртебесін көтеру мүмкін емес!

Ешбір ел, ешбір ұлт рухани құндылықсыз өмір сүре ал­майды. Ұлт руханиятының ба­стауы – тіл! Ұлттық сана-сезім – адамның рухани өмірінің ба­сты белгілерінің бірі. Задын­да, Отансүйер азаматтардың ұлтжанды, елжанды болып, үлкен әріппен жазылатын «Отан» сөзіне құлша қызмет етіп, ұлттық санамен тәрбиеленуі керек ау. Кез — келген ұлттың негізгі тірегі, құндылығы – ана тілі, төл тарихы, мәдениеті, әдет- ғұрпы, ауыз әдебиеті мен әдеби мұрасы екені анық. Қазақтың қазақтығын танытып, оның дер­бес ұлт екенін көрсететін де осы – құндылықтары.

«Тіл» мәселесін көтере беру де ұят. Тіл күресінің нәтижесі жоқ. Жоғарыдан «!» бір- ақ пәрменді «зілді» бұйрық шықса, қазақ қоғамы тегістей «қазақша» сайрар еді… Ендігі кезек – бұйрықты күту!

Көк аспан тектес көк байрағым еңкеймесе, еңселі Елтаңбам төрінен түспесе, асқақ гимнімнің үні өшпесе, тілімнің жолы жіңішкермесе, Ата заңым айбарлы болса – мен де азат­пын, мен де биікпін!

Меніңше, рухани жаңғыру де­ген – әр қазақ баласы өзінің ата- тегін ұлттық негізге сай рәсімдеуі. Сөздің шыны керек, біздің көптеген бауырларымыздың тегінде «ов», «ев», «ин» қосымшасы жазылған. Мыса­лы, Саркесян деген адамды армян, Кикабидзені грузин, Югайды кәріс, Тоқайды татар, Костенконы украйн, Кемальдың түрік екенін тегіне қарап ақ, оп-оңай ажыратамыз. Яғни, бұлардың аты-жөні, ата-тегі өздерінің ұлттық негіздеріне сай жазылған. Міне, ұлттың ұлт екенін айрықшалайтын осындай ғана қарапайым құндылықтар!

Тіл — мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір- қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осын­дай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.

Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз- тәуелсіздік, егемендіксіз- тіл болмақ емес. Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет бо­лып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп жариялан­ды. Бұл тұста Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», – деп алдымызға айқын жол ашып берді. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ. Осы тұста Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», – де­ген ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. Тәуелсіздік алғалы бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арт­тыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс – шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес. Алайда жастар арасында, кейбір ме­кемелерде қазақ тілінің жайы ақсап тұр. Соны көріп жүрегің қан жылайды. Бір жағынан, әлі күнге дейін орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендігімізден бо­лар. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Еліміз жетпіс жылдай Кеңес Одағының қарамағында болды. Ата – ана­мыз орыс тілін ұлықтады. Қазақ халқы өзінің тілін, ділін, тіпті салт-дәстүрін ұмытардай хал­ге жетті. Дегенмен «сабақты ине сәтімен» деген. Еліміз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Тіліміздің түп тамы­рымен жойылып кетпегеніне шүкіршілік етуіміз керек тәрізді. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.

Өзгенің құлы емес өз еліміздің ұл – қызы болайық, өзгенің емес, өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық! БАҚ- дағы мемлекеттік тіл мәселесі – қоғам алдындағы қалам ұстаған барлық шығармашылық адамының атқарар парызы. Ендігісі – әркімнің ары мен ұятына байланысты. Расымен, бір сәт ойланайықшы: қашанғы өзіміздің Ана тілімізді өзегінен тебе береміз осы?!

Ләззат ҚАСЫМБЕКОВА,

аудандық ЖШС «Ақсу өңірі» газетінің директор – бас редакторы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: